Биылдан бастап өз ісін бастағысы келетін 6 мың жас азаматқа жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын жеңілдетілген микронесиелер беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында 75 мыңға жуық жұмыс орнын, мемлекет субсидиялайтын қаржыландыру көлемі 131 млрд теңге болатын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспары бар. Бұдан бөлек 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған", - деді ол ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Министрдің айтуынша, құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтуға бағытталатын болады.
"6 мың жас азаматқа 5 жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микронесиелер берілетін болады. Ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант беріледі", – деді Тамара Дүйсенова.