Үкіметтің 2026 жылғы 26 тамыздағы № 767 қаулысымен казино, ойын автоматтары залдары орналастырылатын аумақтар белгіленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжаттың 1-қосымшасына сәйкес, казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассалары) орналастырылатын аумақтарға Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола облысының Бурабай ауданы енді.
"Шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың, ойын мекемесінің жұмыскерлерінің және еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысты ойын мекемесінде болатын өзге де адамдардың ғана кіруіне жол берілетін казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыру үшін жекелеген аумақтардың тізімі:
- Алматы облысының Талғар және Ұйғыр аудандары;
- Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауы;
- Жетісу облысының Панфилов ауданы және Алакөл көлінің жағалауы;
- Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл және Зайсан аудандары;
- Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы;
- Абай облысында Алакөл көлінің жағалауы", – деп жазылған қаулының 2-қосымшасында.
Бұл мекемелерге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ғана кіре алады.
Бұл ретте онда еңбек немесе қызметтік міндеттерін орындау үшін жүрген қызметкерлер мен басқа да тұлғаларға кіруге рұқсат етіледі.
Үкімет қаулысы 11 қыркүйекте күшіне енеді.