Байқау аясында қазылар алқасы әлемнің 40-қа жуық елінің 60 журналисінің жұмысын қарастырды. Материалдар Қазақстанға қатысты экономика, саясат, халықаралық қатынастар, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядролық қарусыздану, жаңартылмалы энергия көздері сияқты кең ауқымды тақырыптарға, сондай-ақ қазақ халқының көрнекті тұлғалары – Абай Құнанбайұлы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналды.
Байқауға қатысушылардың материалдары шетелдік газеттерде, журналдарда, интернет-басылымдарда және танымал интернет платформаларында жарияланды.
Қазылар алқасының шешімімен 6 шетелдік журналист жеңімпаз болды. Олар – "Республика", "Литвалық курьер" апталық басылымдардың және "Эхо Литва" газетінің бас редакторы Н.Жуков (Литва), "Finančné Noviny" басылымының бас редакторы В.Бачишин (Словакия), Пәкістанның жаһандық және стратегиялық зерттеулер орталығының аймақтық сарапшысы доктор М.ул-Хасан Хан (Пәкістан), Канаданың эмиграция және мультикультурализм мәселелері жөніндегі бұрынғы министрі Т.Рупрехт (Канада), "BCI Медиа" компаниясының коммерциялық продюсері И.Черней-Келнер (Канада), және "MNB" телеарнасының тілшісі Ц.Бат-Эрдэнэ (Монғолия).
Байқау жеңімпаздары Қазақстанға саяхат турына қатысуға, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Түркістан және Алматы қалаларына, сондай-ақ Бурабай демалыс аймағына баруға мүмкіндік алды.