6 желтоқсан – Қазақстан прокуратурасы күні

Прокуратура барлық уақытта мемлекеттік органдар жүйесінде айрықша орын алды. 

6 желтоқсан – Қазақстан прокуратурасы күні Фото: inbusiness.kz

Жыл сайын 6 желтоқсанда Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері кәсіби мереке – республика прокуратурасы органдарының құрылған күнін атап өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан прокуратурасы өзінің  100 жылдық тарихында ұзақ қалыптасу және даму жолынан өтті. 1922 жылы Қазақстанның мемлекеттік прокуратурасы Әділет халық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастады.

Еліміздің тарихында прокуратура дамуының маңызды кезеңі 1936 жылы КСРО жаңа Конституциясы Қазақстанға егеменді Одақтық Республика құқықтарын берген кезде қалыптасты. Осы кезден бастап мемлекеттік прокуратура құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде қызмет атқара бастады. Ал, 1937 жылы Қазақстанның Конституцияны қабылдауына байланысты прокуратураға заңдардың орындалуын жоғары қадағалау функциялары конституциялық түрде жүктелді.

Қазақстан прокуратурасының тарихында да қиын кезеңдер болды. Тек 1937 жылдың өзінде бұл құрылымнан 40-тан астам қызметкер себепсіз жұмыстан шығарылды және олардың кейбірі тұтқындалып сотталды.

Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы жылдарында елді қорғауға көптеген тергеушілер мен прокурорлар үлес қосты. Соғыстың бірінші жылында ғана Қазақстан прокуратурасының 885 қызметкерінің 411-і майданға аттанды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес, Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесінің 6 желтоқсан 1991 жылы қаулысымен еліміздің тәуелсіз прокуратура органдары құрылған болатын. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2004 жылғы 25-ші ақпандағы бұйрығымен 6 желтоқсан Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, жыл сайын осы күнді атап өту белгіленген.

Жалпы, Тәуелсіздік алғаннан кейін прокуратураның құрылымы мен міндеттері өзгерді, бірақ оның қызметінің басты бағыты – ел заңдарының сақталуын бақылау болып қала берді. Жоғары қадағалаудың конституциялық өкілеттіктерімен қамтамасыз етілген прокуратура Отан игілігі үшін қызмет етуге, заңды қорғауға, әрбір азаматтың құқығын, мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғауға арналған.

Қазақстан мемлекеттілігінің дамуымен республикалық органдар жүйесіндегі прокуратураның орны мен рөлі өзгерді. Оның қызметі жаңа мазмұнмен толтырылып, прокурорлық қадағалау функциялары өзгерді. Алайда, прокуратураның алдында тұрған міндеттер қаншалықты түзетілсе де, ол үнемі құқық қорғау органы болып қала берді. Оның негізгі қызметі – заңдылық пен тәртіпті нығайту, мемлекет мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін мәселелерді реттеу, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бекіткен құқықтық саясат тұжырымдамасында прокуратура құқық қорғау жүйесінің өзегі болып табылады. Осыған сәйкес, бағдарламалық құжатта прокуратураның қадағалау қызметі мен үйлестіру функцияларының тиімділігін арттыру, оның процессуалдық негіздерін жетілдіру, сондай-ақ, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саладағы құқықтарын қамтамасыз ету бойынша қосымша міндеттер белгіленген.

Осы айтулы күннің төл мерекеміз 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында тойлануының да өзіндік айшықты маңызы бар.

Егемен мемлекетіміздің әлеуметтік - экономикалық дамуы мен тұрақтап нығая түсуі үшін Ата Заңымызбен бекітіліп, өмірлік қағида - ережелерге айналған заң талаптарының қатаң сақталуы бірінші кезектегі қажеттілік болып табылары сөзсіз. Шынайы тұрғыдағы құқықтық мемлекеттің құрылуы мен заң үстемдігінің өріс алуы – өркендеп өсуіміздің түбегейлі алғы шарттары болып табылатынына өмірдің өзі көз жеткізіп отыр.

Еске сала кетсек, осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 5 қарашасында "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Конституциялық заңы қабылданды. Жаңа Заңның қабылдануының да өзіндік тарихи маңызы бар. Елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе беріліп, бұл жаңа Конституциялық заң ең алдымен прокуратура органдары қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін нақты белгіледі.

Бүгінгі таңдағы жаңа кезеңнің талаптарына сәйкес, прокуратура қызметіндегі тәсілдер өзгергенімен, прокурордың ең бастапқы міндеті ғана емес, парызы болып табылатын мемлекет мүддесін қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығына қорған болу қағидалары өзгерген жоқ.

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанда басты қадағалаушы орган прокуратураның алатын орны орасан зор. Оның беделі, әлеуметтік маңыздылығы және өсіп келе жатқандығы тиісті деңгейде айқын көрініс тапты. Әсіресе, ақпараттық технологиялардың тұрақты дамуы мен құқық саласының өркендеуі кезінде Бас прокуратура республика азаматтарының өтініштерін қарау мәселесін жеңілдетуге бағытталған тиісті шараларды қабылдады.

Қорытындылай келе, еліміздің прокуратура органдары заңның орындалуына, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға, мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз сақтауға прокурорлық ықпал етіп, қадағалауды тиісті деңгейде жүзеге асырып жатыр.

Айта кетейік, бұл күні прокуратура басшылары өз қызметін қорытындылап, үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімін өткізеді. Сондай-ақ, мереке қарсаңында, түрлі концерттер мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу