Келесі жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан еліміздің барлық әскери қызметкерлері баспанамен қамтылады, деп хабарлайды abctv.kz.
2018 жылдан бастап әскерилерге осы күнге дейін өтемақы түрінде төленіп келген қаржы, бұдан былай тұрғын үй төлемі ретінде үлестірілетін болды.
Шарт бойынша қаржы осыған дейінгідей әскери қызметкердің қолына берілмейді, банктегі арнайы шотқа аударылады. Осы әдіспен болашақта 60 мың әскери қызметкер қоныс тойын тойлайды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақовтың сөзінше, қазір тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде кезекке тұрған әскери қызметкерлер банктен есепшот ашумен айналысып жатыр. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қаржы ипотекаға алынған үйдің өтемі ретінде банктегі есепшотқа түседі.
"Әскери қызметкерлер еліміздің кез келген аймағынан үй ала алады. Бұл ретте әскери қызметкерлердің жұмыс өтілі назарға алынбайды, тек отбасы құрамына ғана мән беріледі",– деді министрдің орынбасары.
Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, жоба тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырылады.