"Туған елге саяхат" жобасының аясында 600-ден астам бала туристік пойызбен Қазақстанға саяхат жасайды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"Қазақстан темір жолы" ҰК"АҚ әлеуметтік жобалар қорының "Samruk-KazynaTrust" даму қорымен бірлесіп ұйымдастырған "Туған елге саяхат" жобасына "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің 12 мен 15 жас аралығындағы балалары қатысады.
Жас саяхатшылар қатарына сондай-ақ, "Мен өз аймағымда не өзгерткім келеді?"тақырыбындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары да кіреді.
Туристік пойыздың жолаушылары Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Алакөл – Астана бағдары бойынша көрікті жерлер мен тарихи орындарды аралайды.
"Туған елге саяхат" туристік пойыз жобасы үшінші жыл қатарынан шығарылып отыр. Өткен жылы оған еліміздің әр түкпірінен 500-ге жуық бала қатысты. Биыл ел ішіне саяхат жасауға 600 бала аттанады",- дейді "ҚТЖ"ҰК"АҚ әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кеңгірбаев.
Ербол Кеңгірбаев жобаның басты мақсаты балалардың қоршаған ортаға қызығушылығын арттырып, елі ішіндегі тарихи және архитектуралық ескерткіштермен танысып, отанды сүюге тәрбиелеу, патриотизмді нығайту екенін айтып өтті.
"Туған елге саяхат" жобасының алғашқы турына қатысушылар - 200 -ден астам бала күні кеше балалар туристік пойызбен Қазақстанның көрнекті жерлеріне саяхат жасауға жолға шықты.
Туристік пойыз 2014 жылы шығарылған 7 купелік вагон мен 2 вагон-мейрамханадан жасақталған. Аттанар алдында вагондар нормативтік-техникалық талапқа сәйкес тиісті техникалық дайындықтан өткен. Пойыз жаңа төсек-орын жабдықтарымен қамтылған. Балаларды дайындығы жоғары тәжірибелі деген пойыз бригадаларының қызметкерлері алып жүреді.
Балалар туристік пойызы жүріп өтетін жалпы қашықтық үш тур бағдары бойынша 5134 километрді құрайды.