"Самұрық-Қазына" ұлттық әл ауқат қоры қор құрылымы мен еншілес компанияларын трансформациялаудың нәтижесінде 61 млрд теңге үнемдеді. Бұл туралы бүгін "Самұрық-Қазына" АҚ-ның трасформация және активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Адамас Илькявичюс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Трансформацияның экономикалық тиімділігін нақты сандармен де келтіре аламыз. Трансформация аясында бірқатар жоба ұйымдастырылды. Олардың саны шамамен 130 жоба. Олардың әрқайсысы өз үлесін қосуда. Бүгінгі күні тиімділігі тұрғысында 61 млрд теңгенің көрсеткішіне қол жеткіздік. Бұл шығындарды қысқарту және компания кірістілігін арттырудан алынған экономикалық тиімділік. Бұл айтарлықтай нәтиже", - деді ол елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, жобаларды жүзеге асыру мерзімі өзгерістер ауқымына байланысты. Ең ауқымды жобалар 2020 жылы аяқталады.
"Трансформация бағдарламасы ұзақмерзімді жоба. Оның арқасында қордың қоржындық компанияларының бизнес қызметін сапалы түрде жақсартуға және оларды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берілді. Қазіргі уақытта біздің еншілес компаниялардың қызмет бағыттары клиенттің талаптарына сай болу, бәсекеге қабілеттілік бизнестің цифрландырылуы жағына белсенді түрде өзгеруде. Бүгінгі күннің өзінде компанияларда жасалған қадамдар дұрыс және дер кезінде",- деді Адамас Илькявичюс.