2024 жылы 62,1 мың адам біліктілігін арттыру және жаңа мамандықтарды игеру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқыту оқу ұйымдарында (курстар жұмыс берушілердің сұранысы бойынша ұйымдастырылады), жұмыс берушілердің жұмыс орнында, сондай-ақ сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бойынша Skills Enbek қысқа мерзімді оқыту порталында жүргізіледі.
Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайтын мерзімді құрайды.
"Өңірлер бөлінісінде оқуға жіберілгендердің ең көп саны Ақтөбе – 11 мың адам, Қостанай – 4,7 мың адам, Жамбыл – 4,5 мың адам, Түркістан облыстарында – 4,1 мың адам және Алматы қаласында – 4,3 мың адам байқалады. 2024 жылы мансап орталықтары оқу ұйымдарында оқуға 7,8 мың адамды жіберді, оның ішінде 6,7 мың адам оқуды аяқтады. Оқу аяқталғаннан кейін 5,9 мың адам жұмысқа орналастырылды", - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Жұмыссыздарды жұмыс орнында оқыту жұмыс беруші тарапынан тәжірибелі қызметкерлердің ішінен білікті тәлімгерді бекіте отырып, кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Оқу кезеңінде жұмыс беруші мен жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады. 20 АЕК мөлшеріндегі жалақыны еңбек мобильділігі орталығы білім алушының шотына тікелей жібереді.
2024 жылы жұмыс орындарында 1 948 адам оқудан өтті, оның ішінде 1 769 адам оқуды аяқтады. Оқуды аяқтағаннан кейін 1 481 адам немесе 83,7% жұмысқа орналасты.