"625 дана шоколад": Жетісуда "тәттіге құмар" ұрлықшы ұсталды

233

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.  

"625 дана шоколад": Жетісуда "тәттіге құмар" ұрлықшы ұсталды Фото: ЖИ

Жетісу облысында ер адам бір ай ішінде дүкеннен 600-ден астам шоколад ұрлаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ІІМ таратқан ақпаратқа сүйенсек, Жаркент қаласында полицейлер ұрлық дерегін ашты. Полицияға қаладағы сауда орталықтарының бірінің өкілі жүгініп, дүкеннен шоколадтардың жүйелі түрде жоғалып жатқанын хабарлаған. 

"Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында қауіпсіздік қызметі бір ер адамның бірнеше апта бойы дүкенге тұрақты келіп, шоколадтарды сөмкесі мен қалталарына жасырып, төлем жасамай шығып кететінін анықтаған. Тексеру барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды. Ол дүкенге кіріп, айналасындағылардың назарын бақылай отырып, шоколадтарды жеке заттарына салып, кассадан төлем жасамай шығып кеткен. Арада бірнеше минут өткен соң қайта оралып, осы әрекетін қайталаған. Кей күндері осындай "рейдті" 5-6 рет жасаған", – делінген хабарламада.

Бір ай ішінде сауда орталығынан барлығы 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 530 мың теңгеден асты.

Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу