Таныс адамдарын 63 млн теңгеге алдап, Қазақстаннан қашып кеткен азамат Ресейден табылып, елге экстрадицияланды.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Прокуратура мәліметінше, күдікті 2022–2023 жылдары Ақтау қаласында кәсіпкерлікке инвестиция салатынын айтып, таныстарынан ірі көлемде ақша алған.
"Күдіктінің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 6 қазақстандық азаматқа жалпы сомасы 63 млн теңгеден астам залал келген", – деп хабарлайды прокуратура.
Ал 2024 жылдың қарашасында күдіктінің Екатеринбург қаласында жүргені анықталып, сол жерде ұсталған. Артынша Бас прокуратура Ресейге сұрау салып, елге экстрадициялаған. Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр.
Прокуратура мәліметінше, Қазақстанға алаяқтық жасаған 5 азамат Ресейден, Германия, Польша, Сербия, Сауд Арабиясы, Қырғызстан және Беларусьтен күдіктілер қайтарылған. Жалпы алғанда 11 адам алаяқтық үшін экстрадицияланған.