Грекияның Әскери-теңіз соты 2023 жылы мигранттар мінген кеменің апатқа ұшырауына байланысты жағалау күзетінің 17 қызметкерін айыптап отыр. Бұл соңғы онжылдықта Жерорта теңізіндегі мигранттарға қатысты ең көп адам шығынымен есте қалған апат болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Мигранттарды тасымалдап келе жатқан Адриана атты балық аулау кемесі 2023 жылғы 14 маусымға қараған түні Грекия жағалауындағы Пилос маңында суға батып кеткен. Кейбір деректерге сәйкес, қайғылы оқиға салдарынан 650-ге жуық адам қаза тапқан болуы мүмкін.
BBC дерегінше, айып тағылғандардың арасында LS-920 жағалау күзеті кемесінің капитаны да бар. Болжамға сәйкес, кемеде шамамен 750 адам болған, олардың тек 104-і ғана аман қалған.
Кеменің экипаж мүшелері капитанға тағылған барлық айып бойынша оның сыбайластары ретінде жауапқа тартылып жатыр.
BBC агенттігінің жазуынша, алдағы уақытта 17 айыпталушының барлығы тергеледі.
Кейін сот бұл істі сот процесіне жіберу немесе айыптауларды алып тастау туралы шешім шығарады.