Шымкентте экскаватор жүргізушісінің кесірінен 6500 абонент газсыз қалды. Жүргізуші кеше түнде сағат 22:00 шамасында Алматы айналма жолында жер қазу жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сала мамандарының мәліметінше, оқиға орнына авариялық құтқару бригадасы келген. Тексеру жүргізген мамандар экскаватор жүргізушісінің жерасты жоғары қысымды Ду-315мм полиэтилен газ құбырына зақым келтіргенін анықтаған. Салдарынан қазір сол маңдағы 6500 тұтынушы мен 35 бірлік коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын, 6 өнеркәсіптік кәсіпорын газдан ажыратылған. Кінәлі жүргізушіні Абай аудандық ПБ қызметкерлері іздестіруде.