670 млрд тг мемлекетке қайтарылды

942

Шетелге заңсыз шығарылған активтердің 670 млрд теңгесі қайтарылды. 

670 млрд тг мемлекетке қайтарылды Фото: azattyq-ruhy.kz

Шекара асқан ел байлығының басым бөлігі Лихтенштейн, Австрия, Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен тәркіленген. Активтерді қайтару жұмысы жүктелген ведомствоаралық комиссия бұл шаруаны әлі де ширатуға ниетті. Бұл ретте мамандар сырттағы қап-қап қаражатты елге тез қайтарудың тың жолын ұсынды. 

Мемлекеттен жымқырылған қаражат пен дүние-мүлікті қайтару жұмыстары жалғасуда. ГРА: Президент пәрмен бергелі Лихтенштейннен - 170 млн доллар, Австриядан  81,8 млн доллар, Гонконг пен БАӘ-нен - шамамен 3 млн АҚШ доллары көлеміндегі актив елге қайтты. КСМ: Қалған қаражатты көп ұзатпай қайтару үшін қазір арнайы заң жобасы әзірленуде. Активтерді қайтарумен айналысатын Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жаңа заңнан күтері көп.

"Бұл заң бірнеше өзекті мәселені қарастырады. Ең алдымен заңда жауапқа кімдер тартылатыны айқындалады. Заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттейтін болады. Активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Жаңа заң жобасы тағы бір мәселеге нүкте қоймақ. Ол - қайтарылған қаражатты жарату мәселесі. Қайтқан қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ", дейді Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек.

Сарапшылар жымқырылған қаржыны қайтаруды жылдамдатуға кірістерді заңдастыру тәжірибесін қолдануды ұсынуда. "Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының" директоры мемлекет 2 мыңыншы жылдардың басында қолға алған бастамасын қайта қолданса деген пікірде. Яғни соңғы 20 жылда бірнеше рет жүргізілген мүлік пен кірістерді заңдастыру науқанын меңзеп отыр. Мемлекеттен заңсыз шығарылған қаражатты қайтару бойынша әлемдік тәжірибелерді де мысалға келтірді.

"Бұл қиын және ұзақ жұмыс. Сонымен қатар, бұл халықаралық құқықтық процестерге, сондай-ақ заңгерлердің біліктілігіне байланысты. Егер біздің елімізде мемлекет азаматтарға қарағанда үстемдікке ие болса, шет елдерде бүкіл процесс тек дәлелдемелер мен соттағы бәсекелестікке негізделген. Сондықтан дәлелдер базасы қажет, өйткені активтер шетелдік юрисдикцияларда тіркелген және осы елдердің заңдарымен қорғалған", деді "Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының" бас директоры Жәнібек Айғазин.

Экономист Сапарбай Жобаевтың бұл мәселеде пікірі басқа. Спикер шетел асқан активтерді кірісті заңдастыру арқылы қайтарумен келіспейді. Бірінші кезекте өзгеге кеткен байлықтың заңды не заңсыз жолмен шығарылғанын анықтап алу керек,- дейді. Содан кейін сот төрелігіне сай елге қайтаруды қолдайды. 

"Кірістер деген сөз экономикалық және қаржы түсінігі бойынша ол сенің бүгінгі тауып жатқан табысың. Жаңа айтқанымдай айлық, бірнәрсені саттың алдың. Ал олигархтарымыздың шетелге шығарғаны ол олардың бүгінгі кірісі емес. Ол қалайша иеленді, заңды иеленді ма. Оны сыртқа қалай шығарды. Мәселе осыда", дейді Экономист Сапарбай Жобаев.  

Белгілі экономист Меруерт Махмұтова да бұл байламды құптамады. Себебі бұған дейін 4-5 мәрте шетелге кеткен активті заңдастырдық. "Бірақ одан пайда көргеніміз шамалы", - дейді. Ел байлығын шетелге тасығандарға ол да тұсау болмаған. Сондықтан мемлекет қазіргі принциптен айнымай кеткен қаржыны қайтарып, халықтың мүддесіне бағыттау керек деп санайды. 

"Дәл қазір ең бірінші қадам Қазақстаннан заңсыз шыққан капиталдарға шектеу қойып, иелеріне пайдалануға мүмкіндік бермеу керек. Замарозка активов дейді ғой. Сонда оны қанша жыл болса да Қазақстан мемлекеттің, халықтың пайдасына қайтарып алуына мүмкіндік болады", дейді Экономист Меруерт Махмұтова.

Маман 30 жылда неше рет кірістерді заңдастырғанымызбен көлеңкелі экономиканың көрсеткішін төмендете алмағанымызды да сынап өтті. Сондықтан қанша ұрласаң да ұрлай бер біз оны 1-2 жылдан кейін заңдастыру арқылы қайтып аламыз деген идеядан аулақ болу керек деп түйіндеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу