Оның 67% Ресей Федерациясынан қалғаны Армения, Қырғызстан мен Грузиядан әкелінген. Ал қосалқы бөлшек ретінде елге кіргізілген "конструктор" көліктердің мәселесі әлі талқыланып жатыр. Көлік иелері болса өз наразылықтарын айтуда.
"Конструктор" көліктердің заңдастыралуынан үміттілердің бірі Еркебұлан Кулбасов. Оның ресейлік нөмір таққан темір тұлпары Қазақстанға қосалқы бөлшек түрінде әкелінген. Еркебұлан аталған көлік түрлерін тіркеуге қатысты заңға Ішкі істер министрлігі бірқатар қисынсыз талаптар қосқан деп отыр. Өзі секілді мыңдаған азаматтың мәселесін көтеріп, сөздерін құзырлылар құлағына жеткізу үшін белсенді топ та құрыпты.
"Ішінде барлық пунктерін қарадық. Біз нақты келіспейтін 12/2 пункті бар. 12/2 пунктінде заңдастырылған автокөлікті ешкімге сата алмайсыз және шетелге шығуға болмайды деп жазылған. Бұл біздің заңды құқығымызды шектеу. Сол 12/2 пунктін өзгертуді сұрап жатырмыз", дейді Белсенді топ мүшесі Еркебұлан Кулбасов.
Жаңа заң Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында 24 наурызға дейін жария талқылауда болды. Осы уақытта белсенді топ мүшелері барлық тармақтарымен жіті танысып, келіспейтін тұстарын түртіп алған. Ал Ішкі істер министрілігі заң жобасын қорытындылап, мүдделі органдардың қарауына ұсынуға әзір.
"Қазіргі уақытта ІІМ қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген көліктерді тіркеудің шарттарын айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Аталған жоба жария талқылаудан өтті. Қазір біз оларды қорытындылап, болғаннан кейін мемлекеттік органдарға түпкілікті келісуге жібереміз. Одан кейін Үкіметке енгіземіз", дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Еске салсақ, 23 қаңтарда басталған шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу науқаны жазға дейін жалғасады. Яғни шетелдік көлік тізгіндегендер 1 шілдеге дейін иелігіндегі машинаның құжаттарын түгендеп, тіркеп алуға уақыттары бар. Бірақ Еркебұлан секілді конструктор иелері жаңа заңның талаптары қайта қаралмаса жеңілдікке ілікпей қаламыз ба деп алаңдаулы. Сондықтан заңдастыруды жыл соңына дейін ұзартып, заң нормаларын қайта талқыласа деген уәждерін айтуда.