7 елдің елшісі елбасыға сенім грамотасын тапсырды

976

7 елдің елшісі елбасыға сенім грамотасын тапсырды

Қазақстан президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Рәсім барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауғанстанның, Польшаның, Канаданың, Финляндияның, Бельгия Корольдігінің, Франция мен Эстонияның төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде олардың дипломатиялық миссиялары Қазақстанның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Қазақстан президенті еліміздің шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

"Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Инвесторлармен және бизнеспен өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатымен "Қазақ Инвест" және "Қазақ Экспорт" ұлттық компаниялары құрылды. "Астана" халықаралық қаржы орталығы, "Жасыл" технологияларды дамыту жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық орталығы және ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі жұмысын бастауда", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өзара саяси іс-қимылдың жанданғанына назар аударды.

"Биыл біз Ғани мырзамен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының жиындарында кездестік. Өзара сауда көлемі жарты миллиард долларға жетіп, Алматы мен Кабул қалаларында Сауда үйлері ашылды. Біз техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратын боламыз. Ауғанстанның қауіпсіз әрі орнықты дамуы – өңіріміздегі бейбітшіліктің, тұрақтылық пен өркендеудің кепілі", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Канадамен көп салалы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін, Бельгиямен арадағы іс-қимыл өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Польша Республикасы Орталық және Шығыс Еуропадағы Қазақстанның негізгі серіктесі екенін, еліміздің Финляндиямен өзара іс-қимыл деңгейінің жоғары екенін айтты.
Сонымен қатар, Эстониямен де қарым-қатынасымыздың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен тағы да құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу