Қазақстан тұрғын үй бағасы ең арзан 10 елдің қатарына кіреді, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Numbeo деректері бойынша, әлемдік рейтингте Қазақстан қала орталығындағы тұрғын үй бағасы ең төмен он елдің қатарына кіреді.
Орталықта орналасқан тұрғын үйлер бағасы елде орташа есеппен 927,2 АҚШ доллар тұрады. Елімізден басқа ондық қатарына ТМД елдерінің бірде-бірі енбеген.
Әлем бойынша ең арзан үйлер Пәкістан (585 АҚШ доллары), Египет (618,2 АҚШ доллары) және Венесуэла (672,1 АҚШ доллары) елдерінде екен.
ТМД елдері ішінде Молдова (1047,9 АҚШ доллары) мен Өзбекстанда (1083,4 АҚШ доллары) тұрғын үйлер қолжетімді бағада сатылады. Аталған екі мемлекеттегі халықтың табысы Қазақстанға қарағанда айтарлықтай төмен.
Ең қымбат тұрғын үйлер Гонконг, Сингапур және Оңтүстік Кореяда екен.
Ақпаратта елдегі тұрғын үй бағасы арзан ғана емес, халық үшін қолжетімді екендігі де жазылған. 106 елдегі қаланың орталығында орналасқан тұрғын үйдің 1 шаршы метр құнын елдің "таза" жалақысына қатынасын есептеп, бұл жалақыға сатып алуға болатын шаршы метр санының рейтингі жасалған. Тұрғын үйдің қаржылық қолжетімділігі бойынша үздік ондыққа тұрғын үй ең арзан елдердің ешқайсысы кірмеген.
Десек те, Қазақстанның ТМД елдерінің ішіндегі позияциясы айтарлықтай жақсы деңгейде қалып отыр. Республикада орташа "таза" жалақыға қала орталығынан орташа есеппен 0,45 шаршы метр тұрғын үй сатып алуға болады.
Осы тұста орташа "таза" жалақыны елдегі тұрғындардың барлығы алмайтынын ескеру қажет. Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік осал топтар да баршылық. Мұндай жағдайда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі бар.
Бұл бағдарламалар халықтың жылжымайтын мүлікке төлем қабілеттілігінің сұранысына жауап беріп, екіншіден тұрғын үй құрылысының дамуына ықпал етеді. Осылайша, елде тұрғын үй құрылысының қарқынды өсуі 2015 жылы "Нұрлы Жер" бағдарламасынан басталды. Ол уақытта пайдалануға берілген тұрғын үй аудандары жылына бірден 8,9 млн шаршы метрге жетті.
Тұрғын үй бағалары әлемдік деңгейде қымбаттап жатқанын ескерсек, бұл елімізге де тікелей қатысты. Құрылыс материалдарының қымбаттауы мен инфляцияның өсуі де әлемдік үрдістің бірі. 2022 жылдың бірінші тоқсанында елімізде жаңа тұрғын үй бағаларының қымбаттауы бір жылда 16,8%-ды құраған. Қазақстанда аталған кезеңде жылдық инфляция 9,8%-ға жетті.