Алматы әуежайында 31 жастағы жолаушыдан тінту кезінде 7,62 калибрлі патрон табылды. Бұл туралы Алматы әуежайының баспасөз қызметі Фейсбукте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Өскеменге бағыт алған 31 жастағы ер адамның қол жүгін тексеру кезінде 7,62 калибрлі патрон табылды. Бұл зат әскери немесе азаматтық мақсатта автоматтан ату үшін пайдаланылады. Айта кету керек, 2019 жылдың қаңтарында жолаушылардан 8 электрошокер, 2 суық қару, 12 оқ-дәрі тәркіленген", – деді баспасөз қызметінен.
Ал былтыр Алматы әуежайының әуе қауіпсіздігі қызметінің өкілдері бортқа тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 7802 жолаушыны тоқтатты.
192 іс материалы сотқа берілді.
Жолаушылардың багажынан немесе қол жүгінен 188 қару, телескопиялық дубинкалар (5), электрошокерлер (163), 370 оқ-дәрілік заттар тәркіленді.
Одан бөлек Алматы әуежайынан ресми түрде 5045 қару мен 193 502 оқ-дәрі өткізілген.
"Көптеген жолаушылар аңшы құралдарын тасымалдау ережесін білмейді. Адамдар біздің ережемен тыйым салынбаған кез-келген қаруды алып өте алады. Онымен қоса 5 келі оқ-дәрі алып өтуге рұқсат етілген. Аңшылық билеті бар, аңшылық қаруды алып жүруге рұқсаты бар жолаушылардың қаруы ұшу кезінде бөлек контейнерде сақталады. Жолаушылар оны әуежайға жеткенде бір-ақ алады", – деді әуежайдың баспасөз қызметі.