7 нысан бой көтереді

749

7 нысан бой көтереді

Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы уақытта мемлекеттік-жекешілік әріптестігі аясында жалпы құны 4,7 млрд. теңгені құрайтын 7 нысан бой көтеретін болады. Қазірдің өзінде 2 балабақша мен 500 орындық емхананың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, 11 жобаға конкурс жарияланыпты. Бүгін бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінде жалпы республика бойынша  мемлекеттік-жекешілік әріптестігі аясында жобаларды іске асыруда 5-орынға тұрақтапты. Сондай-ақ өңір басшысы аталған жобаларды іске асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын барлық сала басшылары мен мәслихат депутаттарына тапсырды. 

Басқарма басшысының айтуынша,  жалпы әкімдіктің бастамасымен 34 жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асыру жоспарланған. Заң талаптарына сәйкес тиісті құжаттары рәсімделген 18 жобаның тізбесі облыстық мәслихатпен бекітіліпті.

"Биылғы жылы 34 жобаның 11-іне  конкурс жарияланды. Оның 1-уі  білім, 3-еуі спорт нысаны. Байқау қорытындысы 4 - тамыз айында анықталады. 4 жобаның конкурстық құжаттамалары әзірлену үстінде. Тиісті сараптама қорытындылары алынғаннан кейін тізбесін бекіту үшін облыстық мәслихаттың қарауына ұсыныс берілетін болады. Бұдан бөлек, 12 жобаның тұжырымдамасы дайындалып, жыл соңына дейін тиісті сараптама қорытындыларын алу көзделіп отыр",- деді  Арман Сәбитұлы.

Өңір басшысы мемлекеттік-жекешілік әріптестікті дамыту мақсатында облысымызда мемлекет тарапынан бөлінетін 95 млрд. теңгенің көлеміндегі жобаларды әзірлеуге шақырды. Бұл ретте әкім балабақшалар мен спорт кешендерін, футбол алаңшалары және отбасылық, студенттік жатақханалардың құрылысын жүргізуге кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу