7 тонна балығы бар кеме Жайық сағасында қалды

515

Ішінде 7 тонна балығы бар кәсіпкерлік кеме Жайық сағасында қатып қалды. Оған өзенге дер кезінде түп тереңдету жұмыстарының жүргізілмеуі себеп. 

7 тонна балығы бар кеме Жайық сағасында қалды

Құрманғазы ауданынан бет алған су көлігі қалаға 1 күнде жетуі тиіс еді. Өзен түбінің таяздығынан өзен ортасында тұрғанына 3 аптаға жуықтады. Ішінде балықтың 7 тоннасы, яғни кооперативтің 1 апталық қоры бар. 

"Басында судың болмауы себебінен, сол кездегі деңгейі 30-40 см құраған. Бірақ қазіргі уақытта теңізден жел соғып, судың келуін күтіп тұрғанда салқын түсіп, кеме тұрып қалды", деді "Амангелді" серіктестігінің қаржы директоры Саламат Омар.

Жауапты серіктестік қызметкерлері айдындағы кемені вахталық әдіспен, кезектесіп бақылауда. Ішіндегі өнім қажетіне қарай қалаға біртіндеп жеткізілетін көрінеді. Ал су көлігінің өзін күн жылынғанша  шығару мүмкін емес.  

"Мұз қысса кеменің корпусын жарып жібереді. Күн сайын таңертең кейде 5  см қалыңдыққа дейін жетеді. Әзірге аяз аздау", деді кеме капитаны Иван Павлович.

Облыста Жайық өзені арқылы 19 кооператив күнін көріп отыр. Тиісті жұмыс жуық арада қолға алынбаса, балық бизнесіне бағыт түбегейлі жабылады. 5 мың адам екі қолға бір күрек таппай қалады. 

Өзен тереңдігі жайлы мәселенің көтеріліп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Өңірге іс-cапармен келген министрлік өкілдері де,  депутаттар да бұл жағдаймен жақсы таныс. Қазір Жайыққа түптереңдету жүргізу үшін 7-8  млрд, ал Қиғашқа 11 млрд теңге қажет. Жергілікті билік министрлікке сұраныс жолдаған. Алайда әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Соған қарағанда батыстағы балық пен Жайықтың тағдыры ешкімді алаңдатпайтын сыңайлы. 

Қымбат Даирқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу