7 жасар қыздың өлімі: Павлодар облысында шенеуніктер жазаланды

404

Өңір басшысы арнайы жиналыс өткізді.

7 жасар қыздың өлімі: Павлодар облысында шенеуніктер жазаланды Фото: Polisia.kz

Павлодар облысының әкімі Екібастұзда балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша арнайы жиналыс өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бесқауға ауылындағы жеті жасар Милана Давыдовамен болған жан түршігерлік оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Мұндай жаңалықтарды естігенде жүрегің езіледі. Миға сыймайтын, адамға мүлдем жат қылық. Бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Бейбіт уақытта балалар сіз бен біздің кінәмізден, ересектердің кінәсінен қаза болып жатыр", - деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі өткен жылдың ақпан айында "маугли-балалармен" болған оқиғаны еске салып, одан ешкімнің сабақ алмағанын атап өтті.

Сондай-ақ, өңір басшысы отбасындағы келеңсіздіктерді алғашқылардың бірі болып байқайтын мұғалімдердің назарын аударды: мектепте 17 мұғалім мен 51 оқушы бар.

Екібастұздың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасының әлсіз жұмысы, учаскелік полиция қызметкері және Бесқауға ауылының әкімі тарапынан олқылықтар бар.

Павлодар облысы білім басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның мәліметінше, жыл басынан бері балаларға қатысты 250-ге жуық заңға қайшы келетін фактілер анықталған, оның 66-сы Екібастұз қаласында.

Мамандар мұндай жоғары көрсеткішті қорғаншылық органдары мамандарының және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жеткіліксіздігімен байланыстырады.

Асайын Байханов оқу орындарындағы профилактикалық қызмет жүйесіне талдау жүргізіп, түбегейлі қайта қарауды, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі кешенді жоспарды пысықтауды және тәуекел аймағындағы әрбір отбасы үшін учаскелік полиция қызметкерлері мен әлеуметтік қызметтерге бірлескен әлеуметтік патронаж белгілеуді тапсырды.

Бұл ретте өңір басшысы бұл жұмысқа мектеп педагогтарын тартуға шектеу қою керектігін атап өтті.

Әрбір осындай отбасын аралап, балалардың өмір сүру жағдайымен білім, әлеуметтік қорғау және полиция қызметінің мамандары танысуға тиіс.

Сондай-ақ, жедел көмек беру желісінің нөмірлерін 65-00-60, 8707-491-64-05, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің "111" бірыңғай байланыс арнасын барлық жерге тарату қажет.

Екібастұз әкіміне Давыдовтар отбасын бақылауға алу тапсырылды.

Жиналыста 17 қараша күні Шідерті кентінде қайтыс болған сегіз айлық балаға қатысты тағы бір сұмдық жағдай қаралды. Облыс әкімі жағдайды егжей-тегжейлі түсініп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жмналыс қорытындысы бойынша өңір басшысы лауазымды тұлғаларға жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

Әлеуметтік саланың жұмысына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары — Айзада Құрмановаға, Екібастұз қаласының әкімі — Аян Бейсекинге, облыстық білім және әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары — Самал Айтқазина мен Альмира Дисюповаға сөгіс жарияланды.

Сондай-ақ, облыс әкімі кеншілер қаласының басшысына Екібастұздың лауазымды тұлғаларына тәртіптік шара қабылдауды, оның ішінде Қоянды ауыл округінің әкімі Абай Хакимовтың одан әрі жұмысы туралы мәселені қарауды тапсырды.

Өңір басшысы барлық қоғам, әсіресе, уәкілетті мемлекеттік қызметшілер балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауы тиіс екенін еске салды.

"Әрбір осындай жағдай — бізге өңірдің, қаланың, ауылдың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді сеніп тапсырған тұрғындарымызға опасыздық жасағанмен тең екендігін көрсетеді. Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келетіні туралы сұраққа жауап беруіміз керек. Тіпті, баланың өліміне әкелген бір оқиға — бұл үлкен қайғылы жағдай, ал, олардың соңғы уақытта жүйелі түрде қайталануы үлкен трагедия. Балалар — қоғамның қорғалмаған бөлшегі, олардың денсаулығын, қауіпсіздігін және үйлесімді дамуын қамтамасыз ету — біздің басты міндетіміз. Мұны еске алатын кез келді", - деді Асайын Байханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу