7 жасар вундеркинд

614

Ақтөбелік қаршадай қыздың қабілеті талайды таң қалдырып отыр. 

7 жасар вундеркинд Фото: Әзиз Жанұзақ

Медина Амандық 5 жасынан бері үстел теннисіне қызығады. Ол Құршасай ауылындағы мектептің бірінші сыныбында оқып жүр. Күн сайын білім ордасының жанынан ашылған үйірмеге келеді. Жаттықтырушылары оның қарым-қабілетін алғашқы кезден-ақ байқапты. Мығым соққысы мен шалт қимылы талайды таңдай қақтырып отыр. Тіпті, оған отандық және шет елдік спорт сарапшылары да назар аудара бастаған.

"7 жасар оқушымыз осы үстел теннисімен тұрақты айналысады.Шеберлігін одан әрі шыңдап жатырмыз. Әдіс-тәсілдерді өте жоғарғы деңгейде меңгере бастады.Әлі даму үстіндеміз. Бірақ, қазірдің өзінде жетістіктері жаман емес. Жуырда ғана өткен сайыста өзінен бірнеше жас үлкен балалармен кездесіп, терезесі тең ойын көрсетті.Тіпті, финалға дейін жетті. Алдағы уақытта үлкен жарыстарға қосамыз", - дейді жаттықтырушысы Мұхит Әбдіғалиев.

Медина үйінің тұңғышы. Өзінен кейін үш інісі бар. Ол  уақытының көбін спорт залында өткізеді. Теннис шарын ұршықша иіріп, қалаған жеріне дөп түсіргенін көргенде, еріксіз таңдай қағасыз. Жас спортшының үлкен жетістіктерге жетіп, елдің атын шығарсам деген асқақ арманы бар. 

"Жақында өткен жарыста жақсы нәтиже көрсеттім. Ұлдарды, қыздарды – барлығын ұтып алдым. Мен күнделікті жаттығудан қалмаймын. Ағайымнан көп нәрсе үйреніп жатырмын. Чемпион боламын!", - деді ол.

Құршасай ауылында үстел теннисі жақсы дамыған. Мектеп жанынан ашылған үйірмеге 30-дан аса бала қатысады. Алайда, тілек білдірушілер өте көп. Олардың бәрін бірдей қабылдауға зал тарлық етеді. Соған қарамастан балалардың жеткен жетістігі орасан.

"Біздің балаларымыз қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, үлкен жетістікке жетті. Қазір республикалық додаларға шығып, орын алып жатқандары бар. Кішкентай Мединаға келсек, одан үлкен үміт күтеміз. Сабағын да жақсы оқиды. Ата-анасы да өте жақсы адамдар, қыздарының спортқа деген қызығушылығына қолдау білдіріп отырады", - деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбану Жұмағазина.

Ауыл балалары демалыс күндері облыс орталығындағы теннис орталығына келеді. Жаттықтырушылар жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттерін шеберліктерін шыңдау үшін Ресей мен Германияға апаруды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу