Қарағанды облысы Шет ауданы Ағадыр кентінде "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде 70 пәтерлік бес қабатты үй қолданысқа берілді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Ағадыр кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйді қалыпқа келтіруге облыстық бюджеттен 231 миллион теңге бөлінді. Жетім балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ бұрынғы баспанасы апатты деп танылған бес жанұя жаңа пәтер иесі атанды.
Аудан әкімі Марат Жандәулетов қоныстанушыларды құттықтап, жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Айта кету керек, өткен жылы Ақжал және Ақсу-Аюлы кенттерінде де 12 және 4 пәтерлі үйлер қолданысқа берілген. Биылғы жылы Шет ауданында тағы бір 12 пәтерлі үй салынады деп жоспарлануда.