Күнкөріс қамымен алғаш рет 46 жасында көлік тізгіндеді. Сөйтіп 1999 жылы ерлерге тән қызметті игеріп, көпшілікті таң қалдырды.
"Өмірде әртүрлі ауыр кезеңдер болады. Ондай кезде қол қусырып отыруға болмайды. Маған сондай қиын кезеңде өмір сүру керек болды. Балаларым кішкентай еді. Әрі қорған болар жұбайым болмады. Оларды асырау үшін көлікті тізгіндеуге тура келді. Бастапқыда ауыл ішінде таксист болдым. Ол кезде ондай қызмет түрі жоқ еді. Ауылдастарым да таң қалатын. Арада 4-5 жыл өткенде Ақтау-Шетпе арасында адам таси бастадым. Қазір қыз-келіншектің екінің бірі көліктің құлағында ойнайды", - дейді Гүлшара Жолдасбаева.
Қазір 70 жастағы әженің 15 жылдан бергі тұрақты жолаушылары бар. Ерекше кәсіпті нәсіп еткелі Гүлшара апа ешқашан жол ережесін бұзып, жылдамдықты шамадан тыс асырмаған. Жолда небір оқиғалар болғанын да жасырмады. Толғақ қысып, сәби күткен әйелді Ақтаудағы перзентханаға жеткізуге тура келген жағдайлар көп кездескен.
Гүлшара апа темір тұлпарының көмегімен 7 баласын аяғынан тұрғызды. Оның 3 ұлы мен 4 қызынан өрбіген 22 немере мен шөберелері бүгінде әжесінің жанын жадыратып жүр. Жүргізуші әже 23 жылда 5 рет көлік ауыстырды. Алғашқы мінгені "Жигули 2106", кейін "Москвич 412", "Опель", "Nissan Primera" көліктерін тізгіндеді. Техника сыр бергенде өзі жөндеп алатын халге жетті.
"Балаларым ер жетті. Қазір бәрімізді қамтамасыз ететіндей табысы бар. Бірақ бұл жұмыс мені үйде бір сәт отырғызбайды. Вокзалдағы таксистер арасындағы ең жасы үлкені менмін. Олар мені сыйлағандықтан үнемі кезектен тыс жібереді. Жұмыс жоқ деп отырмай, еңбектену керек", - дейді Гүлшара Жолдасбаева.