"700-ден астам қате табылған": Президент тексерілмеген тарихи деректерді қайта қарауды тапсырды

661

Мектеп оқулықтарынан өрескел қате табылған.  

"700-ден астам қате табылған": Президент тексерілмеген тарихи деректерді қайта қарауды тапсырды Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялағанын, мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылғанын айтты.

"Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған "қаһармандар" мен олардың "ерлігі" жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы. Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз "мұң" деген сөзді жақсы көреді: "жүрегімде мұң, көзімде мұң"! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды", – деді Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында.

Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу