АҚШ-тың Ресейге жасаған санкциясына жауап ретінде ресми Мәскеу үнсіз қала алмайтынын мәлімдеді. Алдын ала жеткен деректерге қарағанда,таяу уақытта АҚШ-тың Ресей территориясындағы елшілік пен кейбір қалаларындағы консулдықта жұмыс істеп жатқан 700 дипломаты елден кететін болды, деп хабарлайды aikyn.kz.
Сонымен қатар Ресейдің сыртқы істер министрлігі америкалық дипломаттар тұратын саяжай мен ғимараттарды дереу босатуды талап етті. Сөйтіп, Ресейге қатысты АҚШ конгресі мақұлдаған санкциядан кейін екі елдің ара қатынасы тағы да салқындай түсті. Дәл қазір қанша АҚШ дипломаты қысқарып, нешеуі кететіні белгісіз. Бірақ "Коммерсант" басылымы сенімді ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, шамамен 700 –дей елшілік қызметкерлері елден көшірілетінін мәлім етті. Осы жағдайға қатысты АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Джон Теффт алаңдаушылығын білдірді. Сонымен қатар америкалық дипломаттардың азық-түлік қоймасы мен техникалық паркі де қайтарылатын болды.
Қазіргі шиеленіскен жағдай шешіле ме? Жоқ әлде, екі ел арасында қайтадан жылымық орнай ма? Бұл ең алдымен, Ақ үй қожайынына қатысты болып отыр. Өйткені АҚШ конгресі мақұлдаған заң жобасы қазір Трамптың қол қойылуын күтіп жатыр.