Жыл сайын елордада әлеуметтік осал санаттағы 186 мыңға жуық адам біржолғы әлеуметтік төлемдермен және тегін қызметтермен қамтылады. Ал 2024 жылдан бастап қалада жекелеген азаматтарға жаңа әлеуметтік көмек енгізілді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2024 жылы қазанның екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектер күніне орай әлеуметтік көмек қолданысқа енгізілді. 1 топтағы мүгедектігі бар адамдарға 20 АЕК немесе 73 840 теңге, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға және барлық топтағы он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 10 АЕК немесе 36 920 теңге, 3 топқа – 5 АЕК немесе 18 640 теңге төленеді.
Бұдан басқа, атаулы күндер мен мереке күндерінде азаматтардың мынадай санаттарына 2,5 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемдер түрінде әлеуметтік көмек көрсетіледі:
- 4 ақпан (Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні) – әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтар мен қатерлі ісіктері бар балалар;
- 8 наурыз (Халықаралық әйелдер күні) - көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған аналарға;
- 21-23 наурыз (Наурыз мейрамы) – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
- 7 мамыр (Отан қорғаушылар күні) – Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы алушылар қатарындағы зейнеткерлік жастағы адамдарға;
- 31 мамыр (Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні) - Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға;
- 1 маусым (Балаларды қорғау күні) - жетім балаларға;
– 29 тамыз (Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні) - Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, зейнеткерлер мен біржолғы өтемақы алушыларға;
- 1 қазан (Қарттар күні) – жасы бойынша зейнеткерлерге және зейнетақының ең төменгі мөлшерін алушылар қатарындағы зейнеткерлік жастағы адамдарға;
- 1 желтоқсан (Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні) - адамның иммун тапшылығы вирусынан, оның ішінде адамның иммун тапшылығы вирусын тасымалдаушылардан зардап шегетін адамдар қатарынан әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтарға.
Бұдан басқа, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 16 желтоқсанда (Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні) 60 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
45 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі:
- 15 ақпан (Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күні) - "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2, 3, 4, 5-тармақтарында көрсетілген басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге; Ауғанстанда әскери қызмет өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бекітілген әскерилерге;
- 26 сәуір (Чернобыль атом электр станциясындағы апат құрбандарын еске алу күні) - жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан адамдар қатарындағы басқа адамдарға.
9 мамыр Жеңіс күніне әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына беріледі:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне-1 (бір) миллион теңгеден кем емес;
- жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге (осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген адамдардан басқа) -45 АЕК;
– басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға ардагерлеріге (осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген адамдардан басқа) - 45 АЕК;
- басқа адамдарға, еңбек ардагерлеріне-15 АЕК.
Әлеуметтік көмек 25 қазанға (Республика күні) аз қамтылған азаматтарға 4,5 АЕК (АӘК алушылар қатарынан) мөлшерінде көрсетіледі.