75 әдебиет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендиямен марапатталды

255

Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен 2023 жылы  75 әдебиет және өнер қайраткеріне  мемлекеттік стипендия тағайындалды.

75 әдебиет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендиямен марапатталды Фото: Министрлік

Бүгін Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен аталған стипендияны тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Президентіміз таяуда "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында: "Біз озық ойлы ұлт ретінде халықты ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдауымыз керек" деді.   Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құру жолында іргелі реформалар мен жаңа бастамаларға жол ашты. Президенттің бастамаларын іске асыруда шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері маңызды рөл атқарады. Сіздер тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы мен ұлттық бірлік пен тұтастықтың берік орнауына сүбелі үлес қосып келесіздер. Жыл сайын тағайындалатын мемлекеттік стипендия – мемлекеттің мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, сондай-ақ, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет", - деп атап өтті министр.

Қазақстан Жазушылар Одағы мыңға жуық  кәсіби жазушылардың басын біріктірген. Қаламгер қауымға, мәдениет саласы майталмандарына қолдау көрсету – министрлік жұмысының негізгі мақсаттарының бірі.

Өткен жылы Президент Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан 6 қаламгер "Қазақстанның халық жазушысы" атағымен, 8 өнер қайраткері "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағымен марапатталды. Жыл сайын "Umai" және "Айбоз" әдеби-мәдени ұлттық сыйлықтары, "Дарын"  мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі.

Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бойынша былтыр алғаш рет ұйымдастырылған әдебиет және журналистика саласындағы 11 үздік жұмысқа арнайы сыйлық берілді.

 Биыл Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдығы, ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағанбетовтің 100 жылдықтарын және басқа да тұлғаларымыздың мерейтойларын атап өтеміз.

Министр ақын-жазушылар мен әдебиеттанушыларға, драматургтер мен публицистерге, театр, кино және балет актерлеріне, қолөнершілер мен өзге де мәдениет майталмандарына стипендия табыс етті.

Мәдениет саласындағы стипендия Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков,Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Гульвер Разиева және басқа дақазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.

Сонымен қатар Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмова, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, суретші Ренат Елубаев, әншілер Андрей Трегубенко, Назым Сағынтай, актер Максим Ященко секілді және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу