750 млн теңгеге салынатын мектеп жобасы күдік тудырды

566

Бес жыл бұрын Екібастұз ауылдық аймағында 100 оқушыға арналған 613 шаршы метрлік жаңа мектепті салғанда 56 млн теңге жұмсалған. 

750 млн теңгеге салынатын мектеп жобасы күдік тудырды Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысы Железин ауданында салынатын мектептің жобасы күдік тудырады. Шағын мектеп үшін 750 млн теңге өте көп қаржы, дейді депутаттар. Онымен қоса, жобалық сметалық құжаттамасы да көрсетілмеген. Тіпті, құрылысты жүргізетін компанияның да тарихы көмескі. Ал, облыс билігі болса мектепті саламыз, деп табандап отыр. Бүгін оның ірге тасын да қалап жіберді. 

Павлодар облысында үш апаттық мектеп бар. Баянауылдағы Қаражар мен Павлодар ауданындағы Сычевка ауылында құрылыс басталып кетті. Үшіншісі, Железинка ауданының Моисеевка елді мекенінде бой көтермек. Мектептерді жекеменшік компаниялар салады. Сосын, оның әр қайсысын 750 млн теңгеден әкімдік сатып алады. Небәрі елуден аса оқушысы бар ауылдар үшін соншама қаржыға мектеп салу кейбір депутаттардың көкейіне күдік тудырады. 

"Біз мектеп салуға қарсы емеспіз. Бірақ, бұл мектепке бөлініп отырған қаражат сомасы өте үлкен. Бұл күдік тудырып отыр және тағы бір күдік тудырып отырған нәрсе... сметалық құжаттар бізге көрсетілген жоқ. Және екіншіден бұл мектепті салатын компания күдік тудырып отыр. Өйткені, былтырғы жылы 8-июнде аукционды жеңіп алған бірақ бұл компания сол аукционға дейін үш-төрт ай бұрын ғана құрылған екен", - дейді oблыс мәслихатының депутаты Фуат Сатабаев.

Железин ауданының Моисеевка ауылында небәрі 293 түтін бар. Апатты жағдайдағы 9 жылдық мектепте 51 оқушы тәлім алады. Алайда, әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап құрылыс жүргізгеннен гөрі жеке компанияға салдырып содан сатып алғанды жөн көріп отыр. 

"Ғимараттың бағасына келетін болсақ, бағасын ешкім ойлап таппайды. Баға құжаттама арқылы шығады, ол мемлекеттік сараптамадан өтеді. Заңмен дайын нысандарды сатып алуға болады. Бұл тәжірибе облысымызда қолданылып келеді, әрі қарай да қолданылады. Егер біз мемлекеттік қаржы арқылы конкурс жарияласақ, жауапты мердігер келеді дегенге кепіл жоқ", - деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Облыстық мәслихаттың сессия жұмысына қатысқан аймақ басшысы, мектептерді салу туралы мәселенің әлдеқашан шешіліп қойғанын аңғартты. Тіпті, материал эфирге дайындалып жатқанда Асайын Байханов Железин ауданына барып аталмыш мектептің қазығын қаққаны туралы ақпарат жетті. Бір айта кетерлігі, осыдан бес жыл бұрын Екібастұз ауылдық аймағында 100 оқушыға арналған 613 шаршы метрлік жаңа мектепті салғанда 56 млн теңге ғана жұмсалған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу