Партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек бүгінгі күнге дейін 7670 азаматтан өтініш түскенін хабарлады. Олардың 34% – әйелдер, 24,1% – 35 жасқа дейінгі жастар. Оның айтуынша, бастауыш партия ұйымдары 2631 адамды ұсынған, ал 5039 кандидат – өзін-өзі ұсыныпты.
"Тіркеу осы аптаның соңына дейін жалғасады. 7 қыркүйектен бастап үміткерлердің үгіт жұмысы басталады, оның ішінде жария пікірсайыстар – 14-30 қыркүйек аралығында болады",– дейді Бауыржан Байбек.
Праймериз өткізу кезінде індеттің таралу қаупі ескеріліп, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірге арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар енгізу туралы қаулы қабылданыпты. Партияішілік іріктеуге қатысушылар маскаларды, қолғаптарды, зарарсыздандыру құралдарын пайдалануға, кемінде 2 метр әлеуметтік аралықты сақтауға, қол алысып амандаспауға және басқа да сақтық шараларын ұстануға міндетті. Барлық іске қосылған үй-жайларда санитайзерлердің, байланыссыз термометрлердің қажетті мөлшері қамтамасыз етіледі, зарарсыздандырғыш құралдар пайдаланыла отырып, тұрақты түрде ылғалды тазалау жүргізіледі және кемінде тәулігіне 2 рет желдетіледі. Үгіт барысында флаерлар мен буклеттерді тек маска тағып, қолғап киіп қана тарату қажет. Кандидаттардың партия мүшелерімен кездесулері әлеуметтік желілерде бейнеконференция арқылы, ашық алаңдарда немесе желдетілетін үй-жайларда қатысушылар арасындағы қашықтықты сақтап, маска таға отырып, өтуі мүмкін.
Кандидаттардың жария дебаттары 1224 объектіде онлайн-форматта және әлеуметтік аралықты сақтай отырып өткізілуі тиіс. 2545 дауыс беру учаскесінде кабиналар мен урналар, сондай-ақ бюллетеньдерді беру орындары бір бірінен кемінде екі метр арақашықтықта болуға тиіс.
"Жалпы, біз енгізген "Праймериз" ақпараттық жүйесі партияішілік іріктеудің барлық кезеңін өткізуге мүмкіндік береді, оның ішінде тіркеуді, үгітті және дауыс беруді онлайн режимді өткізуге болады. Жүйе қолдануға жеңіл, сайлаушының "таңдау құпиясын", сондай-ақ сырттан араласудан қорғауды қамтамасыз етеді. Сондықтан іс-шаралардың басым бөлігін біз осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып өткізуге тырысамыз. Праймериздің ұйымдастыруға қатысты тұстары жайлы primaries.kz және nurotan.kz сайттарынан толығырақ таныса аласыз",– деп жазды Бауыржан Байбек әлеуметтік желіде.