АҚШ президенті Дональд Трамптың денсаулығына қатысты тың ақпарат шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
BBC жазуынша, Ақ үйдің дәрігері берген медициналық анықтамада Трамптың "когнитивтік және физикалық жағдайы өте жақсы" деп жазылған.
Жұма күні Ақ үй басшысы екінші президенттік мерзімі басталғанынан кейінгі алғашқы жыл сайынғы медициналық тексеруден өтті. Бес сағатқа созылған медициналық тексеру Мэриленд штатындағы Бетесда қаласында орналасқан "Уолтер Рид" әскери госпиталінде болды.
"Президент Трамптың денсаулығы өте жақсы. Жүрек, өкпе, жүйке жүйесі және жалпы физикалық күйі бойынша көрсеткіштері тамаша", - делінген президенттің жеке дәрігері Шон Барбабелланың берген анықтамасында.
78 жастағы Дональд Трамп лауазымына кіріскен кезде АҚШ тарихындағы ең егде жастағы президент атанды. Осыған дейін елді басқарған президент Джо Байден 82 жаста қызметінен кетті.
Дәрігер Шон Барбабелланың сөзінше, Трамп бірнеше қан талдауын тапсырып, жүрек тексерісінен және ультрадыбыстық зерттеуден өткен.
"Оның белсенді өмір салты жалпы жағдайына да оң әсер етіп жатыр. Президент Трамп бас қолбасшы әрі ел басшысы ретіндегі міндеттерін толық атқаруға дайын", - деді жеке дәрігер.