"8,5 млрд теңге тиімді жұмсалады": Павлодар облысының әкімдігі Азат Перуашовқа жауап қайтарды

Өңірде жаңа ІТ-жоба жүзеге аспақ.  

"8,5 млрд теңге тиімді жұмсалады": Павлодар облысының әкімдігі Азат Перуашовқа жауап қайтарды Фото: Валерий Бугаев

Осыдан бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты Азат Перуашов Парламанттегі жиын барысында өңірлерде IT-жобаларға бөлінетін қаражат тым көп және негізгіз екенін сынға алып, Павлодар облысындағы жағдайды мысал ретінде келтірген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Мәжіліс депутатының пайымынша, өңірлерде жаңашыл жобаларға қыруар қаражат бөлінгенімен, олардың нақты тиімділігі байқала бермейді. Айталық, әу баста "Smart City" тұжырымдамасы Қазақстанның барлық қалалары бойынша цифрлық шешімдерді ықпалдастыруға арналған. Алайда бірыңғай шешімнің орнына әр өңір өзінің "ақылды" сервисін дайындауға көшкен. 

"Әр аймақтағы жүйені әр түрлі мердігер сан алуан платформа мен стандартты қолданып жасады. Бірізділік жоқ. Мысалы, бұған дейін БАҚ беттерінде хабарланғандай, Павлодар облысы "Қауіпсіз қала" жобасына 8,5 млрд теңге (17 млн АҚШ долларынан астам сома) жұмсамақ. ІТ-сала мамандарының пікірінше, мұндай қомақты сомаға тек қалалық емес, облыстық деңгейдегі шешімдерді әзірлеуге болатын еді", - деді депутат. 

Азат Перуашовтың мұндай мәлімдемесіне Павлодар облысының әкімдігі өз уәжін білдірді. Жергілікті цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің сөзінше, 8,5 млрд теңге тиімді жұмсалады. Ал биыл басталатын "Қауіпсіз қала" жобасы қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Айталық, соның аясында жол-көлік қозғалысын сақтап, қадағалау мақсатында 5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы мен аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Олардың қатарында жасанды интеллект көмегімен сараптама жасау қызметі қосылған камералар да бар. Мұндай заманауи құралдар террористік тұрғыдан қауіпті аймақтар – әуежай, теміржол вокзалы, сауда – ойын-сауық орталығы, театр, саябақтар мен сквер сынды көпшілік жиналатын орындарға қойылады. 

"Бірден атап өтер жайт, "Қауіпсіз қала" жобасы тек облыс орталығына емес, сонымен қатар Екібастұз және Ақсу қалаларын да қамтитын болады. Бұл жоба үш жылға лайықталған және сервистік модель арқылы іске асады. Соның аясында 250 желілік учаске, 150 жол қиылысы, республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы қауіптілік жоғары 20-дан астам аймақ қамтылады", - деді Ағыбай Әмірин. 

Ал аппараттық-бағдарламалық кешендер жедел басқару орталығына, әкімдіктіктің сараптамалық орталығына қосылады. Сонымен қатар, жасанды интеллекті құралдары көмегімен бейнесараптама алаңы іске қосылады. Ол іздеуде жүрген азаматтарды, адамдар көп шоғырланған орындарды, түтіндеген жерлерді, қоғамдық орынға тасталған қоқысты, тіпті ұмыт қалдырған заттарды анықтауға мүмкіндік береді. 

Бұл ретте жергілікті билік өкілдері Мәжіліс депутаты тілге тиек еткен 8,5 млрд теңге мердігерге бірден төленбейтінін де атап өтті. Жоспар бойынша, биыл 1,7 млрд теңге, кейінгі екі жылдың әрқайсысында 3,4 млрд теңгеден аударылмақ. Қаржыландыру ай сайын жүргізіледі. Ал бұл уақытта мердігер өз қаржысына барлық бағдарламалық жүйені орнатып, іске қосуы тиіс. Оның ішінде камераларды қоюға арналған тірек бағаналарды орнату, электр желілерін тарту, жоғары жылдамды интернетпен және серверлік инфрақұрылыммен қамту сынды қызметтер бар. Басты талап – мердігер тиісті жұмыстың барлығын осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтауға міндетті. Содан соң ғана қаржы төлене бастайды. Ал үш жылдан соң мердігер тапсырыс берушіге, яғни жергілікті әкімдікке барлық құрал-жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді тапсырады. 
Еске сала кетсек, қазірдің өзінде өңірде "Smart City" жүйесі жұмыс істейді. Оған 5567 бейнебақылау камерасы қосылған. Жаңа "Қауіпсіз қала" жобасы осы жүйемен біріктіріледі. Соның нәтижесінде облыстағы жол-көлік оқиғаларын 20, қылмыстық құқық бұзушылық көрсеткішін 19 пайызға азайтып, қылмыстардың ізін суытпай бетін ашу көрсеткішін қазіргі 82,8 пайыздан 90 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар. 

Түптеп келгенде, Павлодар облысының әкімдігі Азат Перуашов айтқандай 8,5 млрд теңге нәтижесіз қалмайтынын білдірді. Әр теңге қауіпсіздікті арттырып, қолайлы орта құру үшін жұмсалмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу