8,5 млрд теңгені жымқырған "Құрмет" орденінің иегері сотталып кетті

106

Ол мемлекеттік наградасынан да айырылды.  

8,5 млрд теңгені жымқырған "Құрмет" орденінің иегері сотталып кетті Фото: kaztag.kz

Астанада жел электр станциясын салуға бөлінген 8,5 млрд теңге ақшалай қаражатты жымқыру дерегіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жазды.

"2025 жылғы 13 мамырда қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық, атап айтқанда, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі және аса ірі мөлшерде жәбірленушілердің ақшалай қаражатын бірнеше рет ұрлады деп айыпталған Б.-ға және М.-ға қатысты үкім шығарды (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы)", - деп хабарлады сот.

Істің мән-жайынан белгілі болғандай, сотпен Б. және М.  басқа адамдармен бірлесіп, алдын ала сөз байласу арқылы әрекет ете отырып, 2020-2022 жылдар аралығында "Ерейментау қаласында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу" жобасын іске асыруға арналған "Е" ЖШС-нің ("Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының еншілес компаниясы) ақшалай қаражатын ұрлағаны анықталды.

Ұрлық жалған келісім-шарттармен және аффилирленген компанияларға ақша аудару арқылы жасалған. Шығын мөлшері 8,5 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ, 2021 жылдың қазан айында Б. "П" акционерлік қоғамымен трансформаторлық қосалқы станцияларды жеткізуге шарт жасасқан, алайда өз міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде "П" акционерлік қоғамына 157 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

Сотталушылардың кінәсі расталды.

"Сот үкімімен Б. 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік наградасы – "Құрмет" ордені алынды. ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағын қолдана отырып, М.-ға  6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру  түріндегі жаза тағайындалды. "Е" ЖШС - нің азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, 8,5 млрд және 3 млн теңгеден астам сот шығыстары өндірілді", - деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Талап қоюдың қалған бөлігі қараусыз қалдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу