8,6 млрд теңге игерілмеген

1273

Қаржы министрі республикалық бюджеттің ақшасын жарата алмай отырған министрліктерді атады.

8,6 млрд теңге игерілмеген Фото: primeminister.kz

2019 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі 15%-ға өсті. Үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов осылай деді.

Оның сөзінше, республикалық бюджет – 19%-ға, жергілікті бюджет – 7%-ға ұлғайған. Ұлттық қордың активі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көбейіп, 26 трлн 447 млрд теңгені құраған.

"Жыл басынан бері республикалық бюджетке 4 трлн 817 млрд теңге түсті. Бұл жоспардан 61 млрд теңгеге көп",– деді Әлихан Смайылов

Министрдің мәлімдеуінше, 2018 жылғы 1 қазандағы жағдаймен салыстырғанда кіріс 751 млрд теңгеге өскен. Қомақты қаржының 738 млрд теңгесі салықтан түскен.

"Республикалық бюджеттің шығыны 8 трлн 541 млрд теңгені құрады. Орындалмау сомасы – 14,3 млрд теңге. Оның 5,7 млрд теңгесі – үнемделген қаражат. 8,6 млрд теңге игерілмей жатыр. Бұл 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз. Ең көп игерілмеген сома мына әкімшілерде қалыптасты: экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,5 млрд теңге, жоғарғы сот – 1,2 млрд теңге, мәдениет және спорт министрлігі – 992 млн теңге, сауда және интеграция министрлігі – 947 млн теңге. Қаржы игермеудің негізгі себептері – конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну",– деді Әлихан Смайылов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу