8 айда мемлекеттік бюджетке 12,5 трлн теңгеден астам кіріс түсті

361

Ал республикалық бюджет 8,3 трлн теңгеге толықты.

8 айда мемлекеттік бюджетке 12,5 трлн теңгеден астам кіріс түсті Фото: inbusiness.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, мемлекеттік бюджетке 12,5 трлн теңгеден аса кіріс түсті. Осылайша жоспар 97,2%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 8,3 трлн теңге түсіп, жоспардың орындалу көсеткіші 89,1%-ды құрады. 

"Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы,пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық импортқа салынатын қосылған құн салығы есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 306 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 26%-ға азаюымен байланысты", - деді министр Үкімет отырысында.

Бұдан бөлек Ерұлан Жамаубаев шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмау себебін де түсіндірді. Бұл экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты екенін атап өтті.

"Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15%-ға төмендеуі әсер еткен. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептеріне тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 10%-ға азаюы жатады", - деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу