ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев Қазақстан машина жасаушыларының V форум жұмысына қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Алик Айдарбаев отандық машинажасау саласын дамыту мәселелеріне тоқталды.
2017 жылдың басынан бері мемлекеттік қолдау шараларының арқасында нарықты қалпына келтірудің оң тенденциясы байқалып отыр. 8 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 91,5 млрд теңгені құрады. Жеңіл автокөлік өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 есеге немесе 10 355 бірлікке дейін өсті. Ал, автобустар мен шағын автобустар өндірісі 5 есеге өсті (431 бірлікке дейін).
Барлық саланың НКИ-і 136,8%-ды құрайды. Бұл өсімге танымал автомобильдердің жаңартылған моделін жинау мен көрші елдердің нарығына экспорттаудың нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.
Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 1187 автомобиль Қытай, Ресей, Беларусь және Тәжікстан елдеріне экспортталды. Бұл индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асқаннан бергі барлық кезең деңгейінен жоғары экспорт.
Биылғы 7 айда автомобиль жасау секторының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,4 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқанын көрсетеді.
Отандық автомобильдер сатылымының орташа деңгейі құрылымдағы жалпы сатылымның шамамен 20%-н құрайды. Бұл тұрғыда жеңілдетілген автонесиелеу мемлекеттік бағдарламасы айрықша маңызға ие. 2015-2016 жылдар кезеңінде құрастырылған отандық әрбір үшінші автомобиль аталмыш бағдарлама арқылы сатылды.
Сондай-ақ, Алик Айдарбаев әлемдегі автомобиль өнеркәсібінің жаңа трендтеріне, олардың ішіндегі ерекше орын алатын экологиялық таза машина өндірісіне тоқталды.
Қазақстан әлемдік трендке сәйкес болуға ұтылуда. Сол үшін елімізде электромобильдер өндірісін іске асыру жоспарлануда. Электр қуатымен жүретін автомобиль шығару тәжірибесі Қостанай зауытында сынақтан өтіп үлгерді. Мұндай автомобильдерді біздің еліміздің инфрақұрылымдық және климаттық жағдайларына қарай пайдалануға беру мүмкіндіктері туралы ауқымды зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта сатып алушылар үшін электромобильдердің құнын төмендету жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жетістікке жетуге, тиімділікті арттыруға, техникалық жаңалауға қаржы салуға, бәсекеге қабілетті өнім шығару мен жаһандық нарықты жаулап алуға ниетті кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.