8 млн-нан астам қазақстандықтың банк алдындағы қарызы 18 трлн теңгеге тең

380

Соңғы 3 жылда тұтынушылық несие беру сегментінде өсім байқалып отыр.  

8 млн-нан астам қазақстандықтың банк алдындағы қарызы 18 трлн теңгеге тең Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Жеке тұлғалардың несиелерінің жалпы көлемі 18 трлн теңгені құрады. Қарыз алушылардың саны – 8 млн-нан астам. Тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы үш жылда өсу байқалады. Ұлттық Банктің деректеріне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33 пайызды құрады. Биылғы 8 айда тұтынушылық кредиттер портфелі 9,2 трлн-нан аса теңге болды", - деді ол Парламенттік тыңдауда.

Оның сөзінше, екінші деңгейдегі банктердің проблемалық қарыздар деңгейі 5,2 пайыз немесе 0,5 трлн теңгеден асқан. Ал мерзімі өткен несиесі бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе қарыз алушылардың жалпы санынан 7 пайызды құрады.

"Өткен жылы микроқаржы секторында тұтынушылық микрокредиттер портфелі 46 пайызға өсті. Осы жылдың 8 айында ол 11 пайызға ұлғайып, 1,1 трлн теңгеге дейін жетті. Проблемалық қарыздар 8,8 пайызды құрайды. Олар 2021 жылдан бері 180 пайызға ұлғайып, 98 млрд теңгені құрады. Проблемалық қарыз алушылар саны 2021 жылдан бастап 190 мың адамнан 347 мың адамға дейін ұлғайды", - деді агенттік төрағасы.

Мәдина Әбілқасымова  азаматтардың борыш жүктемесін шамадан тыс шектеу үшін агенттік бірқатар іс-шаралар кешенін іске асырып жатқанын баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу