Шамамен 8 мың дәрігер мен медбикені ел ішінде және Израиль, Оңтүстік Корея, Ресей, Финляндия және Канада сияқты елдердің жетекші клиникаларында оқыту жоспарлануда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Осы жылы алғаш рет 18 медбике Назарбаев Университеті медицина мектебінде мейірбике ісі мен менеджмент бағдарламалары бойынша оқытылды. Қазіргі кезде, перзентхана, жедел жәрдем, хирургия, денсаулық сақтаудағы менеджмент мамандарын үздіксіз оқыту мәселелері бойынша халықаралық клиникалармен ынтымақтастық мәселесі қаралып жатыр.
Айта кету керек, біліктілігін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет екі бірегей ота жасау тәжірибесі енгізілді. Жаңа медициналық технологияларды енгізу мақсатында жыл соңына дейін 70-ке жуық медицина қызметкерін оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ, денсаулық сақтау менеджерлерін корпоративтік басқару мәселелерін дамыту бойынша оқыту, диагностика мен емдеудің жоғары технологияларын енгізу, медициналық ағылшын тілін оқыту жоспарлануда (2017 жылы 4049 медицина қызметкерлері оқытылды).