Қызылорда қаласында 8 жастағы бала кәріз құдығына құлап қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балқы базар көшесінде 8-10 жас аралығындағы 3 баланың ойнап жүргенін көргендер бар. Сол маңдағы беті ашық тұрған кәріз құдығына жергілікті уақытпен 13:24-те балалардың бірі құлап кеткен көрінеді.
"2023 жылдың 25 қарашасында жергілікті уақытпен сағат 18:00-де құтқарушылардың күшімен 2015 жылы туған баланың мәйіті кәріз құдығынан табылып, сыртқа шығарылды. Оқиға орнына шықты: Қызылорда облысы ТЖД (18 қызметкер, 5 бірлік техника), Апаттар медицинасы орталығының филиалы (3 қызметкер, 1 бірлік техника), Полиция департаменті (8 қызметкер, 3 бірілік техника), жедел жәрдем бригадасы (3 адам, 1 бірлік техника), "Қызылорда су жүйесі" (5 адам 2 бірлік техника), жергілікті атқарушы орган (10 адам, 2 бірлік техника).
Облыс тұрғындарына, балаларды қараусыз қалдырмауды, көшеде, тұрмыста қауіпсіздік қағидаларын естен шығармауды сұраймыз", - деп хабарлады Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Баланың Досан ауылының тұрғыны екені белгілі болған. Сондай-ақ, оның Шанхай мөлтек ауданындағы жеке мектептердің бірінде 3-сынып оқығаны туралы мәлімет бар.