8 жылда алғаш рет балық аулауға берілетін квота 87 пайызға игерілді

1201

8 жылда алғаш рет балық аулауға берілетін квота 87 пайызға игерілді

Атырау облысында балық шаруашылығы субъектілері 8 жылда алғаш рет балық аулауға берілетін квотаны 87%-ға игерді, - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
​Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы балық аулайтын кооперативтердің күзгі маусымда лимитті игерулері үшін шара қолданды.
Балық шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған көшпелі жиналыста облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов күзгі балық аулау маусымында барлық су айдындары мен балық қабылдау бөлімшелері қатаң бақылауда болғанын айтты. Соның нәтижесінде балық шаруашылығы субъектілерінің квотаны игеруі соңғы 8 жылда алғаш рет 87,3 %-ға жетті.
"Алға қарай да браконьерлікпен күресті тиімді жүргізу үшін балық аулауға мемлекеттік бақылау механизмін жетілдіріп, заңсыз балық аулаушыларды еркімен жіберетін амал-айлаларды құрықтау керек. Салада "болмашы" квотамен жүру секілді ұйымдастырушылық-құқықтық проблемалар туралы айтып отырмын. Екі жыл қатарынан квотаның 50%-ын игермегендерге қайтып мұндай мүмкіндік бермеу керек", - деді Данияр Баймағамбетов.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазір ресми ауланған балық көлемі 10 мың тонна болып отыр, ал бейресми мәлімет бұдан көп екені сөзсіз.​

"Мен кооперативтердің заңсыз балық аулауды қолдап отырғанын нақты айта аламын. Сіздер заңды қатайту керек дейсіздер, бірақ браконьерлердің қылмыстық жолмен аулаған балықтарын қабылдайсыздар. Бұлай болмайды. Жауапты адамдар аймақтағы барлық балық аулайтын мекемелерге бақылауды күшейтулері қажет", - деді Нұрлан Ноғаев.​

Аймақ басшысы браконьерлерден тәркіленген көлік құралдарына қатысты мәселе әлі күнге дейін заңды тұрғыда реттелмегеніне тоқталды. Жиналыс барысында тәркіленген көліктерді заңсыз деп тауып, жою туралы мәселе қаралды.
Айта кетейік, өткен жылы су полициясы мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы екі мыңнан астам заң бұзушылықты анықтаған, 125 қылмыстық іс жүргізіліп, 35 млн теңгеге жуық айыппұл төленді. Заңсыз айналымнан 107 тонна балық алынды, оның 2 735 тоннасы бекіре тұқымдас балықтар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу