80 мың тұрғын 3 күннен бері ауыз сусыз отыр

570

Шенділер ауызсу желілерінің 80 пайызы ескіргенін растап отыр. 

80 мың тұрғын 3 күннен бері ауыз сусыз отыр Фото: ifehacker.ru

80-мыңнан аса тұрғыны бар бүтін бір Балқаш қаласы үш тәуліктен бері ауыз сусыз отыр. Бір тамшыға зар болған халық үшін бұл жайт қалыпты жағдайға айналып барады. Өйткені, мұндағы құбырлардың тоз-тозы шығып, әбден ескірген. Мұны растаған шенеуніктер: "су желілері 80 пайызға тозған" деп те нақты сандар келтірді. Оны ауыстыруға 2-3 жылдай уақыт керек екен. Болашақтан бұрын, бұқараның бүгінгі халі не болмақ? Суды удай қымбат бағаға ала бере ме? 

Кешелі бері су таститын көлікті күткен тұрғындардың қарасы қалың. Барлығы бір шөлмек суға зәру. Тіршілік нәрісіз отырған жұртқа саудагерлер бес литрлік суды 1100 теңгеден сатып, жығылғанға жұдырық болған. Бұқараның сөзінше, мұндай жағдай қалада жиілеп кеткен.  Себебі, құбырлар әбден тозған. Сондықтан, халықтың шаһар билігіне өкпелері қара қазандай.

"Мынау масқара ғой! Үш күн болды су жоқ. Қайда барып күн көреміз? Кеше түнде рабочиден барып алдық суды. Таңғы бесте. Осадкасын алдық. Сап-сары ол ішуге келмейді. Енді мында келдім. Құдай біледі қашан жететінін. Айтыңдаршы қайда барамыз. Әкім ол жұмыс жасамайды",-дейді қала тұрғыны.

Шенділер ауызсу желілерінің 80 пайызы ескіргенін растап отыр.  Салдарынан апатты жағдайлар көп тіркеледі. Дегенімен, екі-үш жылдың ішінде тозған 440 шақырымның 124-ін қалыпқа келтіру сол баяғы жоспарда.  

"Қаламыздың су құбырлары сексен пайызға ескірген болатын. Бірақ, қазіргі уақытта су құбырларын қайта құру жобасы іске асуда. Осы жоба аясында екі-үш жыл ішінде 120 км астам құбыр желісін ауыстыру жоспарланып отыр",- дейді Балқаш қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Темірлан Игембай.

Алайда, жылдары бойы ауыз судың зардабын тартып келе жатқан қала тұрғындары биліктің сөзіне сенуден қалған. Сол баяғы уәдені үйіп-төгумен ғана шектеле ме деген күдіктерін жасырмады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу