Астана қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу веб-порталы операторының қызметінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын бұзған заңсыздықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында жылдық тарифті сатып алған пайдаланушылардың веб-портал қызметін төлем жасалған күннен емес, тек күнтізбелік жылдың соңына дейін ғана пайдалана алғаны белгілі болды. Соның салдарынан қызмет көрсету мерзімі бір жылдан аз болған. Сондай-ақ кейбір тарифтердің құны уәкілетті орган бекіткен мөлшерден жоғары болғаны анықталды.
Бұдан бөлек, қызмет көрсету тәртібі мен тарифтерді қалыптастыруды реттейтін нормативтік құқықтық актінің болмағаны белгілі болды.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде Қаржы министрлігі тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдап, анықталған олқылықтарды жойды. Енді мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану мерзімі төлем жасалған күннен бастап келесі жылдың сәйкес күніне дейін есептеледі.
Сонымен қатар тарифтер қайта қаралып, кәсіпкерлерге артық төленген қаражат қайтарылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 80 мыңнан астам кәсіпкер мен 400-ден астам инвестордың құқықтары қалпына келтірілді. Ал анықталған заң бұзушылықтар үшін үш лауазымды тұлға заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.