Сексеннің сеңгіріндегі сырбойылық Қалдан Шәмшіұлы тайды бас бүлдіріп, көкпар тартуға да қауқарлы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жылқыға жаны құмар ақсақалдың жүрісі де ширақ. Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылында тұратын қарияның әлеуметтік желіде жақында ғана ағаш басына шығып, артық бұтақтарын кескен фотосы тарады.
Онда көпшілік Қалдан Шәмшіұлына мықты денсаулық тілеп, таңданысын білдіріп жатыр.
"Ол суретті ауылдың көкпаршы жігіттері түсірген. Осылайша, бір-біріне таратқан. Әлеуметтік желіден де көрдім" деген ақсақалдың кенже ұлы Жанболат Шәмшиев әкесінің күн тәртібі туралы айтты.
"Ұйқыдан қысы, жазы ерте тұрады. Әсіресе, осы уақытта балаларым, немерелерім тоңып қалмасын деп пешке от жағады. Біз тұрамын дегенше мал жайғап келеді. Отын мен судың жайын да реттеп қояды. Жұмыс істемей отыра алмайды. Қорқыныш деген жоқ ол кісіде. Өзі қалаған жұмыспен айналысудан шаршамайды", - дейді ол.
Кейіпкеріміздің бойында жылқыға деген жылылық бар. Жылқының бабын жасаудан алдына жан салмайды.
"Әкемнің балық аулауға құмарлығы басым. Арнайы уақыт бөліп ау жамайды, көлге барып, қайыққа отырады. Осы уақытта ағаштардың аталығын кесіп жатыр. 80-ге келсе де, ағаштың басына өрмелеп, өзі кеседі. Әрқашан қозғалыста жүреді. Мінілмеген тай бар еді, кеше ғана соны бас бүлдіріпті. Жылқыға жаны құмар. Жылқымен сөйлеседі, сипалайды, ауырса ем-домын жасайды. Әкем өзін "қой жылғымын" дейді. Сондықтан, қой бауыздамайды. Оны анасы айтып кеткен екен", - дейді кенже баласы Жанболат Шәмшиев.
Сексен жастағы қария Қалдан Шәмшіұлының өзі ұзақ жасауды үнемі қозғалыста жүргенімен байланыстырады. Сондай-ақ, жылқыға деген құмарлық, адамның жаны қалайтын жұмысымен айналысуы да жайлы өмір сыйлайды деген пікірде.
"Балаларымның бәрі жылқыға құмар. Себебі белгілі. Өйткені, өзім құмармын. Мен көп жерде осы жылқы малының адамға ерекше күш беретінін айта жүремін. Сондықтан, жылқыны баптау, міну – бәрі-бәрі бір-бір өнер", - дейді ақсақал.