Қахраманмараштың Гөксун ауданында болған жер сілкінісі кезінде Махмұт Кундакчының да үйі қираған. 83 жастағы қария үйінді астында қалған жұбайы Фатманы алып шыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
Алғашқы жер сілкінісі кезінде қариялар таң намазына тұруға дайындалып жатқан.
"Оянсақ, үй қозғалып тұрғандай болды. Жер сілкінісі екенін түсінген бойда есікке қарай жүгірдік. Соңғы сәтте шығып үлгердік", - дейді 79 жастағы Фатма Кундакчы.
Үйлері Қахраманмараштағы 7,6 балдық екінші зілзала кезінде қираған. Әйелі үйге кірген бойда жер сілкінген. Махмұт Кундакчы сыртта қалады. Қарияның бар ойы іштегі жұбайында еді. Баласы әкесіне үйге кіруге болмайтынын айтып жібермей ұстап тұрған. Алайда қария үйде қалған әйелін қалайда алып шығуды ойлайды.
"Мені құшағына қысып, ішке кіруіме рұқсат бермей тұрған ұлыма жібер мені, ханым іште қалды. Өлсем өліп кетейін, қалайда оны алып шығуым керек дедім. Ұлымның құшағынан сытылып шығып есікке қарай жығылып сүрініп жеттім. Ханым есікке дейін жете алды, сол сәтте мен ішке кіріп, оның қолынан ұстап, сыртқа қарай тартып шығардым", - дейді 83 жастағы қария.
Одан кейін олар туыстарының көмегімен Анкара қаласына келді. 79 жастағы Фатма Кундакчы зілзаладан соң денсаулығына байланысты мемлекеттік ауруханада ем қабылдады. 83 жастағы жұбайы Махмұт Кундакчы болса оны ауруханада бір сәтке де жалғыз қалдырған жоқ.
Қос қарияның үйленгеніне 65 жыл болған. Қарапайым шаруа адамы 6 баласын оқытып жеткізген. Ал жары Фатма "өмірімнің мәні де сәні" дейді Махмұт Кундакчы.