84 мыңнан астам оқушыға қауіпсіздік бойынша сабақ өткізілді

1185

Өткен жылы мектеп оқушыларының суда жүзу кезінде жарақаттанған немесе қайтыс болған жағдайлары тіркелмеді.

84 мыңнан астам оқушыға қауіпсіздік бойынша сабақ өткізілді Фото: Мария Матвиенко

6 сәуірден бастап коронавирустың таралу қаупіне байланысты оқушылар қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Аталған жүйеге Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де қосылып, оқушыларға арнайы сабақтар ұйымдастырды, деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі. 

Құтқарушылар 205 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің 7-10 сынып оқушылары үшін "Zoom", "Telegram", "WhatsApp" желілері арқылы қашықтықтан бейнеконференциялар жүргізді. Бір ғана Алатау ауданының өзінде  "Су қоймаларында шомылу кезіндегі қауіпсіздік", "Балалардың ашық терезелер жанында болу қаупі" тақырыптары бойынша сабақ алған оқушылар саны 14 мыңнан асады. Сонымен қатар "Алматы" телеарнасының эфирінен "Жер сілкінісі кезіндегі 10 оңай қадам", "Үйде және табиғатта дем алу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелері" және "Жоғары қабаттардағы қауіпсіздік" тақырыптары бойынша бейне сабақтар ұйымдастырылды.  

"Каникул басталған кезде балалардың бос уақыттары көп болады. Бұл уақытта балалар өз беттерімен ойнағанымен оларға көшеде де үйде де көптеген түрлі қауіп төнуі мүмкін. Балалардың отпен ойнауы өте қауіпті, әсіресе бала ересектердің бақылауынсыз көп қабатты үйлерде жалғыз қалған жағдайда. Осыған орай, біздің өткізетін сабақтарымыздың мақсаты – ерте жастан қауіпсіз мінез-құлық туралы қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру және жедел қызметтердің жұмысы туралы, төтенше жағдай орын алғанда қалай әрекет етіп, қайда қоңырау шалу керектігін түсіндіру", – деді Алатау ауданы ТЖ бөлімінің бас маманы Тастанов Айдос.

Еске сала кетсек, 2019 жылы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы қауіпсіздік ережелері бойынша 200 мыңнан астам оқушыны қамтитын 12 интерактивті сабақ өткізген.

"Өткен жылы суда жүзу кезінде жарақаттанған немесе қайтыс болған мектеп жасындағы балалардың, басқа да төтенше жағдайлардың болмау фактісі осындай жұмыстардың нәтижесі деп санауға болады", – деді ТЖД өкілдері.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу