Еліміздің 9 өңіріндегі алғашқы медициналық көмек ғимараттарының тозу деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғары (54,3%). Сондай-ақ бірқатар өңірде медициналық техникамен қамту деңгейі төмен. Инфрақұрылымды жаңарту шараларының аздығына байланысты 846 ауылдық елдімекенде медициналық нысан мүлдем жоқ. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мәселен, Ақмола облысында ғимараттардың тозу деңгейі 80 пайыздан жоғары болғанымен, соңғы екі жылда тек 3 жаңа нысан іске қосылған. Шығыс Қазақстан облысындағы ғимараттардың тозу деңгейі 70-пайыздан жоғары. Бірақ, бұл өңірде тек 1 жаңа нысан ғана салынды.
Ресми дерекке сүйенсек, соңғы 2 жылда республика бойынша 214 жаңа нысан пайдалануға берілген. Оның 31 пайызы жеке инвестицияға салынған.
Министрдің сөзінше, алдағы үш жылда 120 млрд теңгеден астам сомаға жаңадан 595 алғашқы медициналық көмек нысанын ашу жоспарланған. Бұл ретте, нысандардың жартысынан астамы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынады деп күтілуде. Бұдан бөлек, 228 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 11 мыңнан астам медициналық техникамен қамтамасыз етілмек.
"Алайда, кейбір өңірлерде жоспарланған нысандар саны ағымдағы қажеттілік деңгейіне сәйкес келмейді. Осыған орай, әкімдер өңірлік жоспарларды медициналық нысандардың жақын жерде болуын ескере отырып, қайта қарау қажет", – дейді Елжан Біртанов.
Атап өтерлігі, министрлік алғашқы медициналық көмек объектілерінің үлгілік жобасын әзірлеген. Сондай-ақ кейбір өңірде мұндай нысандардың дайын жобалары бар көрінеді.
"Алғашқы медициналық көмек нысандарын салуға қажетті жағдай жасалған", – дейді министр.