Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VIII қысқы Азиада ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан спортшылары үшін Азиаданың соңғы жарыс күні өте тартысты және табысты өтті. Бұл күні қоржынымызға шаңғышылар Сергей Черепанов - күміс және Николай Чеботько - қола жүлде сыйласа, биатлоншылар Ян Савицкий - алтын, Галина Вишневская - алтын және Алина Райков күміс еншіледі. Юлия Галшева - күміс және Дмитрий Раихерд- қола жүлде сыйласа, ерлер хоккей командасы ел қоржынына тоғызыншы алтын медальді сыйға тартты.
Сонымен Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте 32 медаль еншілеп, (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) Азиада ойындарын төртінші орынмен аяқтады. Бұл әрине жаман көрсеткіш емес. Жалпы есепте бірінші орынды Азиада ойындарын ұйымдастырған Жапония елінің өкілдері жеңіп алды. Олардың еншісінде 73 медаль (26 алтын 22 күміс, 25 қола) бар. Екінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары қанжығасына байлады. Олардың қоржынында 49 медаль (16 алтын, 17 күміс, 16 қола) бар. Ал үздік үштіктен көрінген Қытай елінің қоржынында жалпы 33 медаль (12 алтын, 13 күміс, 8 қола) бар. Ал медаль алған елдер арасында Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстаннан бөлек бір мемлекет бар. Ол Солтүстік Корея. Олардың еншісінде жалғыз қола медаль түсті. Жалпы VIII қысқы Азиада ойындарына 29 мемлекет қатысқан болатын. Соның 24 мемлекеті өз ауылдарына жүлдесіз қайтты. Естеріңізге сала кетейік, VIII қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында 19-26 ақпан аралығында өтті. Жарыста 29 елдің спортшылары 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл бәсі биік додаға еліміздің намысын 153 спортшы қорғады. Осы орайда айта кетейік, Азиада ойындарының тарихы 1952 жылдан басталады. Ал 1986 жылы алғаш рет қысқы Азиада ойындары ұйымдастырылды. Ауқымды жарыс төрт жылда бір рет өткізіліп тұрады. Азиада ойындары Азияның Олимпиадалық кеңесінің басшылығымен жүзеге асырылады. Қысқы Азиада ойындарының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы жарыс осы Саппоро (Жапония) қаласында 1986 жылы 1-8 наурыз аралығында өткен еді. Мұнда спорттың 8 түрі бойынша жүлделер сарапқа салынған. Аталмыш жарысқа 7 елдің спортшылары қатысып, тек 4 елдің спортшылары ғана жүлделі орындарға ие болған. Екінші қысқы Азиада ойындары 1990 жылдың 9-14 наурыз аралығында тағы да Саппоро қаласында өтті. Мұнда спортшылар спорттың 6 түрі бойынша бақ сынасты. 10 елдің спортшылары қатысқан екінші қысқы Азиада ойындарынан 5 елдің спортшылары ғана елдеріне жүлдемен оралған. Қазақстан Республикасы 1996 жылы 4-11 ақпанда Харбин (Қытай) қаласында өткен үшінші қысқы Азиада ойындарына алғаш рет қатысты. Бұл жолы спорттың 7 түрі бойынша медальдар сарапқа салынған. Қытай жерінде өткен жарысқа 17 елдің спортшылары қатысып, 5 елдің спортшылары жүлделі орындарды өзара бөліскен. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар 14 алтын медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 2 орынға тұрақтады. 1999 жылы Кангвон (Корея) қаласында өткен 4-ші қысқы Азиада ойындарында да Қазақстан спортшылары жақсы өнер көрсетті. Олар 10 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлдені қанжығаларына байлады. 2003 жылы Аомори (Жапония) қаласында өткен жарыста да қазақстандықтар тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Жапон жерінде отандастарымыз 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальға ие болған. Ал 2007 жылы Чангуин (Қытай) қаласында өткен 6-шы қысқы Азиада ойындарында қазақстандық спортшылар 6 алтын, 6 күміс және 6 қола медальді қанағат тұтты. 2011 жылға дейін қысқы Азиада ойындары тек Жапония, Қытай, Корея елдерінде ғана өткізіліп келген. Ал VII Қысқы Азиада ойындары тұңғыш рет ТМД елдері арасында Қазақ елінде байрағын желбіретті. Онда отандастарымыз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль еншілеп, жалпы есепте бірінші орынды жеңіп алған болатын. Міне, бүгін Саппорода өткен Азиада ойындарында жалпы есепте төртінші орыннан көрінді.