Оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында күн райының күрт нашарлауынан болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды, – делінген хабарламада.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетілетінін жеткізді.