2026 жылдың 1 наурызынан бастап тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Су тасқынының алдын алу жөніндегі жедел штабы жұмыс істей бастады. Гидрологиялық жағдайды тәулік бойы бақылау және іс-қимылдарды үйлестіру қамтамасыз етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Барлық өңірлерде азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіретін облыстық жедел су тасқынына қарсы штабтар жұмыс істеуде. Жалпы су тасқыны жағдайы тұрақты, су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда және бақылауда.
Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу мақсатында алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылуда. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 8 млн астам текше метр қар шығарылды, 698 мың текше метр еріген су сорылды, 41 мыңнан астам қап төселді және 3 мың тонна инертті материал пайдаланылды, 1 млн 800 мыңнан астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 6 мың уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды.
Тоғыз өңірде 203 учаскеде жалпы ауданы 592 мыңнан астам шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді, 29 мыңнан астам метр мұз кесілді және 40 мың ойық бұрғыланды.
Барлығы су тасқынына қарсы жұмыстарға 147 адам, 364 бірлік техника, 30 мотопомпа және 1 жүзу құралы (ТЖМ, ЖАО, ІІМ және басқа ұйымдар) жұмылдырылды.
Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Барлығы 36 әуеден барлау жүргізіліп, 250 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді. Аэровизуалды бақылау жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімдерінің 245 әскери қызметкері мен 18 бірлік техникасы су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Топтар мен құтқару батальондары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде шоғырланған.
Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Ақмола облыстарында 11 судың тасуы мен Ұлытау және Ақмола облыстарындағы 4 су шаю бақылауда.