Қазақ елі ғана емес, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген меймандар да тағат таппай күтіп отыр. Қазақстан үшін бұл экономикалық, не стратегиялық жоба ғана емес, әлем алдындағы беделін арттыратын тарихи оқиға. ЭКСПО аясында Қазақстан 90 күнде 90 түрлі мәдени шара ұсынады, деп хабарлайды khabar.kz.
Әлемнің 6 континентінде, 400 ден астам қалада 60 млн көрерменге ғажайып қойылымдарын көрсетіп үлгерген, атағы жер жаратын "Дю Солей циркі" Астанаға келеді. Қазақтың әдет-ғұрпын зерттеген цирк ұжымы 71 қойылымы бар эксклюзивті шоу ұсынады.
Әлемге әйгілі өнер ордаларының ішіндегі шоқтығы биік "Ла Скала" театрының майталмандары да бар өнерін паш етпек. "Ла Скаланың" әртістері атақты 9 симфонияны орындайды. 1-10 қыркүйек театрдың толық құрамдағы гастролі өтеді. Дирижер пультін аты аңызға айналған музыкант Зубин Мета тізгіндейді.
Маусымның соңында бүкіләлемдік опера әншілерінің конкурсы да осы көрме аясында Астанада өтеді. "Опералия" байқауына бас, сопрано дауысты вокалистер опера орындау шеберліктерін сынға салады
Ашық аспан астында өнер биігі мен сезім толқынын шебер шендестіретін спектакльдер де қойылады. Джузеппе Вердидің "Аида" операсы, Людвиг Минкустың "Дон Кихот" классикалық балеті Брусиловскийдің "Қыз Жібек" қойылымы өтеді. Меймандар The Great Gatsby Ballet заманауи хореографиясы мен кинематографының элементтері қамтылған балет спектаклін, Би-2 мен Мумий Тролль топтарының, Тимати, Полина Гагарина мен Егор Кридтің және қазақ эстрадасының жұлдыздарының өнерлерін тамашалайды. Қонақтар талантымен талайды таңдай қақтырған Димаш Құдайбергеновтың өнеріне тәнті бола алады.
Қала аумағында да көсіліп көңіл көтеруге мүмкіндік болады. Енді басталған Astana Art Fest фестивалі көрме аяқталғанша өтеді. Әлемнің 10 елінен 78 суретші келіп қатысады. Қазір қазақстандық мүсіншілер "Нұржол" бульварын әрлеп, әдемілеуде.