Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Мыңадыр ауылында 90 оқушы бұрынғы совхоз директорының үйінде оқып жатыр. Бұл туралы депутат Аманжол Әлтай Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халық қалаулысы тиісті мәселе шешілмегенін жеткізді.
"Нақты статистикаға жүгінсек, ауыл балаларында жыл сайын өсім бар. Болашағы бар мұндай ауылды жылдар бойы жеркепеде қамап қойғанымыз әділетке қайшы. Сонымен бірге Қаражал қаласының Теміржол мөлтек ауданында 1957 жылы салынған 30 балаға ғана арналған әбден ескірген апаттық жағдайды мектепте 254 контингенттен тұратын оқушылар білім алып жатыр. Оның көбі қала орталығындағы басқа мектепке автобуспен барып оқиды. Былтыр дәл осы мектептің төбесі құлады, адам шығыны болған жоқ", – деді Аманжол Әлтай.
Айтуынша, бұл мәселені депутат Асхат Аймағамбетовпен бірге Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанмен талқылаған.
"Қор арқылы қаржыландыруға келіскен едік. Алайда алғашқы берген уәдесінен тайып, "қорда қаржы жоқ, қаржыландыра алмаймыз" деген жауап алдық. Бастапқыда жергілікті бюджеттен қаржыландыру керек деген жауап алдық, бірақ жергілікті бюджет ол мектептерді жақын арадағы 5-10 жыл ішінде "қаржыландыруға ақшамыз жоқ" деп ашығын айтып отыр. Енді тұйыққа тіреліп отырмыз", – деді мәжілісмен.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл мәселемен таныс екенін айтты.
"Бұл мектептердің бәрі қорға келген қаражат есебінен қарастырылатын болған. Қазір қорда қаржының жоқтығына байланысты біраз мектеп тоқтап қалды. Бірақ келесі жылғы жоспарымызда бар. Қаржы уақытылы түскен жағдайда бұл мектептердің құрылысын немесе күрделі жөндеуін қарастыратын боламыз", - деді Тамара Дүйсенова.